«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Қызылордада инвестициялық жобалармен танысты

Делегация мүшелері алдымен биылғы жылы іске қосылатын шыны зауытында болды. Құны 124 млн. доллар болатын жобаны «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС қытайлық компаниямен бірлесе жүзеге асыруда. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Ө.Шөкеевке Жаңақорған ауданындағы қуаттылығы 50 мВт күн электр стансасы құрылысының жобасын таныстырды. Одан кейін қонақтар осы ауданға ат басын бұрды. Қорғасын-мырыш өндірумен айналысатын «Шалқия» кенішінде болды. Сондай-ақ жылына 500 мың тонна өнім өндіруге қабілетті күкірт қышқылы зауытының жұмысын көрді. Көп ұзамай мұнда турбиналар шығара бастайды. «ҚазАтомПром» компаниясы қолға алған жобаның құны 216 млн. долларды құрайды. Сапар барысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев журналистерге брифинг өткізді.
«Шалқия» кеніші біздің қызығушылығымызды тудырып отыр. Алдағы уақытта осы жобаға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастырамыз. Жалпы, біздің компания Қызылорда облысындағы бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша шамамен 400-дей адамды жұмысқа тарту жоспарда бар, - деді ол.
Айтпақшы, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басшысы Жаңақорғанға барар жолда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысымен танысуды да ұмыт қалдырған жоқ. «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы бірлесе күш салған жұмыстың бүгінде 90 пайызы аяқталды.