«Самұрық-Қазына» қорының ұжымы Қызылағаш ауылындағы орын алған төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендерге біркүндік жалақыларын бөлді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш аймақтағы оқиғаға байланысты көмекті қордың еншілес компаниялары да көрсетіп жатыр. Мысалы «KEGOC», «ҚТЖ», «Қазпошта», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына Инвест», «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі», «Қазақстан Даму банкі», «Қазақстан инжиниринг» акционерлік қоғамдары Қызылағаш ауылына біркүндік еңбекақыларын бөлді.
«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы 15 276,0 мың теңгені байланысты қалпына келтіру, тамақтандыру, тұрмысқа ең керекті нәрселерді сатып алу үшін, тіпті жер орнықтыратын тас сатып алу үшін де қажетті көлемде қаржы бөлді. Компания сонымен қатар, темір жолды қалпына келтіріп, теміржолшылардың үйлерін салу жұмыстарын да қаржыландырып жатыр.
«KEGOC» компаниясы Қызылағашқа азық-түлік, киім-кешек салынған 23 қорап жіберді. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 300,0 мың теңгеге балаларға арналған киімдер сатып алып берді. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» болса ауыл тұрғындарына арнап 300 мың теңгеге азық-түлік, тазалық құралдары, киім-кешектер мен дәрі-дәрмектер сатып алды.
Жалпы, 2010 жылдың наурыз айының 29-ындағы мәліметтер бойынша қорға тиесілі компаниялар 122,5 миллион теңгеге көмек көрсетті.