«Самұрық-Қазына» мен «Атамекен» одағы кәсіпкерлікті дамытуға бірлесе кіріспек

АСТАНА. 29 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ пен «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы арасында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
None
None

Құжат рәсімделгеннен кейін сөз алған аталған қор басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың атап өтуінше, меморандумда еліміздің ұлттық компанияларының отандық тауар өндірушілерден сатып алатын қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселесі қарастырылған. «Ол үшін біз арнайы жұмыс тобын құратын боламыз. Сонымен қатар өзіміздің сатып алу ережелерімізді ретке келтіріп, қазақстандық өндірушілерді қолдайтын жаңа ұсыныстар енгіземіз», - деді ол.

Есте болса, ағымдағы жылы Қазақстан халқына дәстүрлі жылсайынғы Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметке аймақтарды дамыту міндетін жүктеген болатын. Бұл мәселе қол қойылған құжатта қарастырылған. «Біз облыстардағы және шағын ауылдық мекендердегі кәсіпкерлерді, өндірушілерді қажет болған жағдайда ұлттық компаниялар арқылы да қолдау көрсететін боламыз», - деді Қ.Бишімбаев.

«Қол қойған меморандумымыздың негізгі мақсаты - елдегі кәсіпкерлікті дамыту. Біз «Самұрық-Қазына» қорымен үш жылдай жұмыс тәжірибеміз бар. Осы тәжірибені қорытына отырып, Елбасы алға қойған тапсырмаларды орындау үшін келісімге келіп отырмыз», - деді өз кезегінде «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар