«Самұрық-Қазына» Тәуелсіз ұлттық әл-ауқат қорлары халықаралық форумының мүшесі болып қабылданды

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Құжатқа «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен форумның төрағасы Бадер Мұхаммед Әл-Саад қол қойды.
Қол қою рәсімінен соң «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Бұл ұйым бүкіл әлемдегі барлық тәуелсіз қорлардың жұмысына мониторинг жасап, саралап отырады. Форум аясында екіжақты кездесулер өткізіліп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланады. Компаниялар бірін-бірі тәуекелі барынша аз салаларда әріптестікке шақырады. Сол себепті «Самұрық-Қазына» АҚ-на тәуелсіз қорлардың халықаралық форумына қабылдану зор мәртебе»,- деп ерекше атап айтты.
«Самұрық-Қазына» АҚ форумның 26-шы мүшесі атанды. Ресми мүшелікке қабылданған «Самұрық-Қазына» АҚ енді форумның жыл сайынғы отырыстарына қатыса алады. Тәуелсіз әл-ауқат қорларының халықаралық жүйесіне қол жеткізіп, форум мүшелерінің озық тәжірибелерін зерттеуге мүмкіндік алып, форум хатшылығы тарапынан қолдау табады.
Форум - сингапурлық «Temasek Holdings», малайзиялық «Khazanah Nasional», «Қытай Инвестициялық Корпорациясы», ресейлік «Ұлттық әл-ауқат қоры», қатарлық «Qatar Investment Authority» және тағы сондай әлемнің жетекші 25 әл-ауқат қорын біріктіретін элиталық клуб. Оған тек қаржылық ахуалы тұрақты, корпоративтік басқару жүйесі ашық та айқын, жұмысының тиімділігі жоғары қорлар ғана мүшелікке қабылданады. Жоғарыда аталған негізгі талаптар Сантьяго қағидаларына топтастырылған.
Бұдан бөлек, форумға қатысушыларды сол күні Қатар әмірі Шейх Тамим бин Хамад Әл-Тани қабылдады.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Қатар инвестициялық қорының құрамындағы бірқатар компаниялардың өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізді. Тараптар балама қуат көздері мен тау-кен саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады. «Самұрық-Қазына» АҚ активтерінің картасын таныстыру барысында Қатар инвестициялық қорының өкілдері жекешелендіру бағдарламасы аясында бірқатар нысандар мен активтерді сатып алуға қызығушылық танытты.
Тәуелсіз әл-ауқат қорларының халықаралық форумы (International Forum of Sovereign Wealth Funds, IFSWF) 2009 жылдың 5-6 сәуірінде Кувейтте өткен тәуелсіз әл-ауқат қорларының халықаралық жұмыс тобының отырысында ерікті бірлестік ретінде құрылған. Форумның мақсаты - «Сантьяго» қағидаларын басшылыққа ала отырып, тәуелсіз қорлардың мүддесіне қатысты ортақ мәселелер мен түйткілдерге қатысты пікір алмасу, тәуелсіз қорларды дамыту ісінде өзара ықпалдасу. Талаптарға толық сай келетін қорлар форумға мүше бола алады.