«Самұрық-Қазынаға» тәуелді даму институттарын тиісті министрліктер басқарулары керек - Н. Назарбаев
Cөз арасында Президент «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл ауқат қорының жаңа міндеттеріне тоқтала келе, Қордың мемлекеттік дағдарысқа қарсы шаралар бойынша жұмыстарды жемісті атқарғанын атап өтті. «Ендігі күні Қор иеленген банктік активтердің барлығын Ұлттық банкке беруі тиіс. Жақын аралықта олардың тағдыры туралы, оның ішінде бұл активтерді иеленуге және мемлекетке қаражатты қайтаруға дайын инвесторларды анықтау туралы ұсынысты күтемін», - деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент Қорға тәуелді даму институттарын тиісті министрліктер басқаруы тиістігін де айтты. «Экономикалық даму және сауда министрлігіне орта бизнеспен айналысатын «Даму» қоры беріледі. Ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне «Қазына-Капитал» қорын қоса алғанда Даму банкілерінің тобы беріледі», - деді Н. Назарбаев. «Самұрық-Қазына» Қоры ендігі күні өз құрылымына кіретін ұлттық компанияларды тиімді корпоративтік басқаруға назар аударуы керек. Қордың Директорлар Кеңесі жаңа басшы ретінде Т. Құлыбаевты тағайындады. Ол Қордың құрылу уақытындағы міндеттері мен қызметтерін қайтарып, «ұлттық чемпиондарды» өсіруі керек», - деп шегелеп айтты Елбасы.