18:00, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Сарапшылар Қарағандыдағы «Әнуар» сауда үйіндегі өрттің шығу себебін анықтады, оған қолдан өрт қойған
ҚАРАҒАНДЫ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Мамандар Қарағандыдағы «Әнуар» сауда үйіндегі өрттің шығу себебін анықтады.
Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне Қарағанды облысы бойынша ТЖ жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.«Әнуар» дүкеніндегі өрттің шығуына сауда залының терезе жаққа жақын орналасқан дүңгіршектер, олардың ішіндегі тауарлар мен басқа заттардың жануы себеп болған. Тез тұтанатын заттардың (мәселен, тез жанатын сұйықтықтар және т.б.) қолданылуы да мүмкін» - делінген Қарағанды облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі сынақ зертханасының қорытындысында. Тергеу жүргізу үшін аталған факті жөніндегі материалдар полиция органына берілді. Восток-2 шағынауданындағы он қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатына орналасқан «Әнуар» дүкенінде мамырдың 30-ында түнгі мезгілде өрт шыққан. Өрт шалған аумақ 800 шаршы метрді қамтыды. Өртті сөндіруге 15 автотехника мен жеті өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамындағы 95 адам қатысты, тұрғындар көшірілді. Кісі шығыны мен зардап шегушілер жоқ. Өрт салдарынан тауарлық-материалдық құндылықтар мен сауда дүңгіршіктері бүлінді.