Сарапшылардың пікірі шын мәнінде бүкіл тұрғындардың пікірін нақты көрсете алмайды - Ерлан Қарин

АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпарат кеңістігіндегі ең негізгі қауіп оның екіге ажырап бөлінуі болып отыр.
None
None

Бұл туралы Алматыда "Жауапкершілік коммуникациясы: болмыс па, әлде ұқсастық па" деген тақырыппен өтіп жатқан VI Халықаралық PR форумда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамдық пікірді айтқан кезде тұрғындардың пікірі мен сарапшылардың пікірі бөліп қарастырылады. Бұл ғылымда о бастан бар. Әлеуметтік сауалнама жүргізген кезде тұрғындардың арасында бір бөлек, сарапшылардың арасында бір бөлек жасалады. Бірақ бізде бұл арақашықтық өте үлкен. Көптеген мәселе бойынша тұрғындардың пікірі басқа жақта болса, сарапшылардың пікірі басқа жақта болады. Сарапшылардың пікірі дұрыс дей беруге тағы да болмайды. Көбіне-көп біз айтып жүрген, күнде үйде, жұмыста талқылап жүрген қазақстандық саясат шын мәнісінде Астана мен Алматыда жасалынатын саясат», дейді саясаттанушы Ерлан Қарин.

Мамандардың айтуынша, сарапшылардың басым көпшілігі Алматыда. Яғни, олардың пікірі шын мәнісінде бүгін тұрғындардың пікірін нақты көрсете алмайды. Оның көптеген себептері бар. Біріншіден, аймақтық. Тек қана бір қаланың төңірегінде топтасқан сарапшылар қауымы бүкіл Қазақстанның тұрғындарының пікірін тиімді жеткізе алмайды. Екіншіден, сарапшылардың өздері де әртүрлі. Кейбір сарапшылар қазақ тілін білмейді. 10 жыл бұрын оны ешкім сынап айтпас еді, қазір ол үшін сынауға болады. Өйткені тұрғындардың пікірін басқа қоғамға, билікке жеткізем десең сол тұрғындардың пікірін соншалықты қамтуың керек. Сенің пікірің тек қана орыс тілді газеттерді оқумен шектелмеу керек.

«Сарапшылар қазақ ақпарат кеңістігінде не болып жатқанын білмесе, сезбесе қалай бүкіл азаматтардың пікірін жеткізбек. Өкінішке орай оны олардың көпшілігі мойындағысы келмейді. Бірақ ақпараттың кеңістіктегі ең негізігі қауіп қазір оның екіге ажырап бөлінуі болып отыр. Бұл біреуге ұнасын, біреуге ұнамасын, мойындайық не мойындамайық бұл қалыптасқан нақты жағдай», дейді Ерлан Тынымбайұлы.

Соңғы жаңалықтар