Сәт Тоқпақбаев көлік және коммуникация саласындағы жемқорлықты сынға алды
Депутаттың сөзіне қарағанда, еліміздегі 39 мемлекеттік органдардың арасында Көлік және коммуникация министрлігі жемқорлық қылмыстары бойынша 8-орында тұр. Сондай-ақ олардың көбі Көліктегі бақылау комитеті қызметкерлерінің үлесінде. Биылдың 2 айында анықталған 11 факті бойынша жемқорлық қылмысын аталған комитеттің қызметкерлері жасаған.
Оның айтуынша, жүргізілген талдауларға сәйкес, соңғы екі жылда көліктік-коммуникациялық салада жемқорлық деңгейі артып отыр. Құқықтық статистика мәліметі бойынша, Көлік және коммуникация министрлігінің қызметкерлері 2010 жылы 21 жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған. Ал 2009 жылы 12 осындай қылмыс тіркелді.
С. Тоқпақбаевтың мәліметі бойынша, жергілікті атқару органдары автожолдардың құрылысы бойынша ақпаратты пайдалана отырып, автожол саласындағы жобаларды жүзеге асыруға қажетті жер телімдерін мемлекеттік кадастрлық бағамен сатқан көрінеді. Кейіннен бұл жер телімдері жекеменшіктен нарықтық бағамен сатып алынып отырған. Өз кезегінде осындай әрекеттерден кейін республикалық бюджет есебінен іске асырылатын жоба құны қымбаттайды.
«Мәселен, «Астана-Щучинск» магистральдік жолын салу жөнінде шешім қабылданғаннан кейін «МТК Қазақстан спутнигі» ЖШС 2008 жылы 10,45 гектар жер телімін 14,3 млн. теңге көлеміндегі кадастрлық бағамен сатып алған. 2010 жылы осы жер учаскесі мемлекеттік қажеттілік үшін 426 млн. теңгеге сатылды», - деді депутат.