Сауалнама: Батысқазақстандықтар ұлтаралық жағдайды оң бағалап отыр

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайтуға, біртектілікті дамытуға бағытталған нақты іс-қимыл жоспары жасалды. Осыған орай өңірде ассамблея аясында 2 мыңнан астам шара өткізілді. Этномәдени бірлестіктер өкілдері облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсене араласып, жалпықазақстандық мәдениетті дамытып, байытуға өз үлестерін қосып келеді.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың айтуынша, Қазақстанда тұратын әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауды мақсат ететін «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Мысалы, соңғы кезде этностар күнін өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл олардың бір-бірімен етене араласып, достық қарым-қатынастарының беки түсуіне игі ықпалын тигізуде. Сауалнама қорытындысы да ұлтаралық жағдайды оң бағалаушылардың қатары қалың екендігін көрсетеді (бұл көрсеткіш 2015 жылы 71,8 пайыз болған еді). Сол секілді сауалнамаға қатысқандардың 85,8 пайызы (өткен жылы - 78,4 пайыз) өзге ұлт өкілдеріне достық рәуіште қарайтынын көрсеткен. Ал 88,3 пайызы (өткен жылы - 83,9 пайыз) өздерін біртұтас Қазақстан халқының өкілі ретінде санайтындықтарын білдірген. «Барлық ұлт өкілдері бір отбасының баласындай тату-тәтті өмір сүрсе ғана Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосыла алады. Басты мақсат та осы», деді Ғ.Қапақов.
Дөңгелек үстел отырысында этномәдени бірлестіктер мен діни ұйымдар өкілдері өз ойларымен бөлісіп, рухани келісімді сақтау ортақ мұрат екендігін білдірді.