Сауд Арабиясындағы ҚР Елшісі Корольдіктің Консультативті кеңесінің төрағасы Абдалла аш-Шейхпен кездесті
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың САК ұлттық мерекесіне байланысты құттықтауын табыс етті, деп хабарлады ҚР-ның Эр-Риядтағы Елшілігі.
Сауд Арабиясының спикері құттықтау үшін алғысын білдіріп, 2003 және 2009 жылдары Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының алғашқы және үшінші съезіне Қос киелінің шырақшысы, Сауд Арабиясы Королінің арнайы өкілі ретінде қатысуын жылы лебізбен еске алды.
Сұхбат барысында қазақстандық дипломат заң шығару саласында тәжірибе алмасу үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Корольдіктің Консультативті кеңесімен ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылығын білдірді. Сондай-ақ Сауд Арабиясының қайтарымсыз қаржылай көмегіне салынған ҚР Парламенті Сенатының ғимараты бауырлас халықтар арасындағы айқын достық рәміздің бірі болып саналатындығын атап өтті. Абдалла аш-Шейх сөз барысында Консультативті кеңесте екі ел арасындағы парламенттік ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін Қазақстан Парламентімен байланыс жөніндегі Депутаттық топтың құрылғандығын мәлім етті.