18:54, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Саяси партияларды Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын бірлесіп әзірлеуге шақырамыз ? Д.Кәлетаев
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Партияаралық кеңестің өткен кезекті мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев барлық саяси партияларды Қазақстанның дағдарысты еңсергеннен кейін 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын бірлесіп әзірлеуге шақырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Нұр Отан» ХДП-ның соңғы съезінде партия басшысы - ел Президенті Н.Назарбаев басқарушы партия ретінде «Нұр Отан» партиясына дағдарыстан кейінгі Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Біз барлық әріптестерді (партияларды - ред.) аталмыш бағдарламаны бірлесіп әзірлеуге шақырамыз», - деді Д. Кәлетаев.Д. Кәлетаев сондай-ақ, Экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумға қатысушы саяси партиялардан құралған Партияаралық кеңестің жұмысы өзінің жемісін беріп отырғанын тілге тиек етіп, кеңеске қосылмаған партияларды қатарды толықтыруға және өздерін мазалаған мәселелерді шешуде қызбалыққа салынбай, диалог форматында жұмыс істеуге шақырды.«Кеңестің алғашқы екі мәжілісі бойынша дайындалған нақты ұсынымдар Үкімет пен құзырлы органдарға жіберілді. Әрине, ойдағының барлығын жүзеге асыра алып жатқанымыз жоқ, барлығы заң шеңберінде жасалуы тиістігін де түсінеміз. Осы орайда, Үкімет пен оның басшысынан жолданған ұсынымдарымыз бойынша нақты жауаптар беруді сұраймыз», - деді ол.