Сайлауға дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр - Қызылорда облысы
Аталмыш орталықтың жетекшісі, Қызылорда мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі департаментінің директоры Темірболат Кеншінбаевтың айтуынша, облыста өткен жылдың 17 желтоқсанынан ЕҚЫҰ-ның екі ұзақ мерзімді бақылаушысы жұмыс істеп жүр. Ол - Дания азаматы Бо Гулак Флиндт пен Молдова азаматы Александру Симионов. Шетелдік бақылаушылар облыстың бірінші басшысының қабылдауында болып, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласында болып қайтты. Олар мұнда учаскелік сайлау комиссияларының сайлауалды жұмыстарымен танысып, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Мұндай кездесулер сондай-ақ мәслихат депутаттығына үміткерлермен де өтіп, әділдік қағидаттары және демокртиялық сайлау өткізу жайы сөз болды.
Қазіргі таңда облыс аумағында 343 сайлау учаскесі бар болса, олардың 22-сі жабық саналады. Әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 374 үміткерден 372 адам тіркелді. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Қожамжар Наурызбаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың 25 желтоқсанда тапсырған актілеріне сәйкес облыстағы электораттың жалпы саны 383 885 адам болып отыр.