Семей аймағындағы ормандар ретсіз оталып, ағаштар заңсыз кесіліп, мемлекет зор шығындарға ұшырауда - М.Трошихин

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында оған қатысушылар Аң және орман шаруашалығы комитетінің жемқорлықпен күрес саласындағы атқарған істері мен аталмыш мәселеге қатысты қалыптасқан жағдайды саралады. «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Михаил Трошихиннің айтуынша, комитет өкілдері жемқорлықпен күресті талапқа сай жүргізіп жатқанымен, бұл бағытта назарға алатын мәселелер жеткілікті. Мысалы, жекелеген ұйым басшыларымен ауыз жаласқан кейбір шенеуніктер мемлекеттің қаржысын жеп, ісі әшкерелене бастағанда олар өз еркімен жұмыстан босатылады. «Ал мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Заңды бұзған азамат ол үшін жауап беруі керек», деді қоғамдық кеңес мүшесі.
Оның мәліметтерінше, Семей маңындағы ормандарда болған ірі өрт оқиғалары мен орманды алқаптарды ретсіз отаудың нәтижесінде 36 пайыз орманды алқап жойылған. Сондай-ақ орман ағаштарын кесу әрекеттері өте көбейіп кеткен. «Прокурорлық тексерулердің нәтижелері бойынша ормандағы ағаштарды кесу әрекеттеріне орман шаруашылығымен айналысатын азаматтардың өздері қатысты болып отыр. Сондай-ақ аймақта ағашты рұқсат етілмеген жерлерден кесу әрекеттері де байқалған», деді М.Трошихин.