18:07, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Семей полицейлері із-түзсіз жоғалған такси жүргізушісі туралы істі ашты
СЕМЕЙ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Лина Славина/ - Семей қалалық қылмыстық полиция бөлімінің қызметкерлері жолаушылар тасымалдаумен айналысатын 24 жастағы азаматтың іс-түзсіз жоғалып кетуі фактісі жөніндегі қылмыстық істі ашты. «Мазда-626» көлігінің иесі мамырдың 22-сі күні шыққаннан үйіне қайтып оралмаған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Полицейлер бұдан бұрын сотты болмаған және еш жерде жұмыс істемейтін қала тұрғыны әйелді ұстады, ол жасалған қылмысты мойындады. Оның айтуынша, мамырдың 22-інде өзінің танысымен таксиге отырып, Шүлбі елді мекеніне қарай жолға шығады. Жолдың 55-ші шақырымында жүргізуші мен ұсталған әйелдің танысы арасында жанжал туындайды. Жолаушы пышақпен қорқытып, жүргізушіні жақын маңдағы орманға апарып, оны ағашқа байлайды. Содан кейін автомобильдегі сом темірмен «Мазданың» иесін басынан бірнеше мәрте ұрады. Содан кейін әйел мен оның танысы көлікке қайта отырып, Өскеменге келеді де, көлікті осында белгісіз біреуге үш мың долларға сатып жібереді. Күдіктілер мамырдың 25-інде жолаушылар таситын көлікпен Семейге оралады.Мамырдың 30-ында қалалық ІІБ шұғыл-тергеу тобы орманнан такси жүргізушінің денесін табады.Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары барысында такси жолаушысы қолға түсті. Қылмысқа қатысты деген күдікпен ұсталған әйел уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.