Семейде «Батыр бабалар рухына тағзым» атты әскери-патриоттық шара өтті

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Семей қаласындағы Жеңіс саябағында Ұлы Жеңістің 68 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 21 жылдығына арналған «Батыр бабалар рухына тағзым» атты әскери-патриоттық шара болып өтті.
None
None

Бұл туралы Семей қалалық ішкі саясат бөлімінен хабарланды.

Аталмыш акция «Ақылдастар» ауыл ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Патриоттық акцияға соғыс және еңбек ардагерлері, әкімдік, қоғамдық ұйым өкілдері, ЖОО студенттері, мыңға жауық мектеп оқушылары қатысты.

Шара барысында қала мектептерінің оқушылары «Мәңгілік алау», Кеңес Одағының Батырларына қойылған құлпытастарға гүл шоқтарын қойды. Майдан даласынан оралмаған боздақтарды еске алды.

1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Екінші Украин майданында соғысқан Қуантқан Иманғали өз сөзінде шараның ұйымдастырушыларына, қала басшылығына, жас ұрпаққа алғысын білдірді.

Ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Айдар Садырбаев: «Бұл іс-шараның келер ұрпақ - жастарға берері өте мол деп ойлаймын. Біздің батыр бабаларымыз қасық қаны қалғанша майдан шебінде жүріп, фашистік Германияға қарсы тегеурінді қарсылық көрсете білді. Қаншама батырларымыз майдан алаңынан оралмады. Бұл іс-шара бүгінмен ғана шектелмеуі керек. Бұл - әрқайсысымыздың жүрегімізден мәңгі орын алуы тиіс. Осы сәтті пайдаланып, мен де батыр бабаларымыздың рухына арнап, басымды иемін», - деді.

Сонымен қатар құттықтаушылар қатарында қалалық білім беру бөлімі өкілдері, тыл ардагерлері де болды.

«Соғыс қаһармандарын жадымызда мәңгі сақтау үшін осындай акциялар өткізу өте маңызды. Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері ешқашан ұмытылмауы тиіс»,-деді өз сөзінде шараны ұйымдастырушыларының бірі, «Жас заңгерлер достастығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Санат Шогелов.

Акцияның мақсаты - өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, азаматтық сезімдерін қалыптастыру.

Әскери-патриоттық шара қала көркемөнерпаздарының концертімен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар