Семейде «Ядролық қарусыз әлем» атты жаяу шеру ұйымдастырылды

Еліміздің егемендігі мен елдігін паш ететін бейбітшілік пен ядролық қарусыз әлемді қолдайтын студент жастар шеруі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бас ғимаратынан өз бастамасын алып, студенттер Саржал, Қайнар ауылдарына жаяу аттанды.
Қолдарына «Біз ядролық қаруға қарсымыз», «Жастар ядролық қарусыз әлем үшін» және т.б бейбітшілік пен тыныштықты паш ететін ұрандар ұстаған жастар Саржал және Қайнар ауылдарына барып, тікелей жарылыс болған жерлермен жүріп өтті. Аталмыш ауылдардың мәдениет сарайында тұрғындармен кездесу өткізіп, ядролық қарудың зардаптары мен бүгінгі таңда зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмектер жайлы баяндамалар оқыды. Өнерлі студенттер ауыл тұрғындарына өз күштерімен әзірленген концерттерін ұсынды.
Осылайша жігерлі жастардың 2 күндік шеруі еліміздің құныдылықтарын қастерлеп, мәртебесін асқақтатып, жастарды ядролық қарусыз әлем мен бейбітшілікке үндеді.
«Тарих белесінде «Семей ядролық сынақ полигоны» деген атпен қалған қазақ жеріндегі алапат зұлматтың ақтаңдақ беттерін парақтау және жапа шеккен халықтың еңсесін тіктеу бүгінгі таңдағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Жастардың бұл бастамасы халқымыздың азаттық рухында тыныстап, ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ел екенін айғақтай түсті», - делінген Шәкәрім атындағы СМУ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.