Семейде жат ағымдардан зардап шеккен тұлғаларға көмек көрсету орталығы ашылды
Бұл жөнінде Семей қаласында қала әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында мәлім етілді, деп хабарлайды Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторы.
Басқосуға кеңес мүшелері, сондай-ақ қала мектептеріндегі дінтану пәнінің мұғалімдер қатысты.
Ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Айдар Садырбаев атап өткендей, Семей қаласында қайта тіркеуден өткен 35 діни бірлестік бар. Оның 18-і - мұсылман, 4-еуі - православие, 2-еуі - католик және 11-і дәстүрлі емес діндерге жатады. Қалада жат ағымдармен күресу мақсатында ақпараттық-насихат топтары жасақталған болатын. Оның құрамына атқарушы, құқық қорғау органдарының өкілдері, мешіт пен шіркеудің бас қызметкерлері кірді. Ақпараттық-насихат тобының жұмыс жоспары әзірленіп, ай сайын іс-шаралармен толықтырылуда. 2013 жылдың бірінші тоқсанында 30 іс-шара өткізіліп, 2,5 мың адам қамтылды. Тыңдаушылар санатына мектеп оқушылары, ЖОО, колледж студенттері, әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым жұмыскерлері және тағы басқа әлеуметтік топтар кіреді. Қалада «Ислам нұры» және «Православие в Прииртышье» атты екі газет шығарылады. Сонымен қоса орталық мешіт пен православ шіркеуінің интернет-сайттары да бар. Дін тақырыбында жергілікті телеарналарда бағдарламалар көрсетілсе, газеттерде арнайы айдарлар ашылған. Студенттер арасында жат ағымдардың белең алуын алдын алу мақсатында студенттердің еріктілер топтары құрылған болатын.
Сонымен бірге кеңес отырысында белгілі болғандай, 2013 жылы ШҚО ішкі саясат басқармасының қаржылық қолдауымен қалада халықты діни ағымдардың мәні жайлы ақпараттандыру және жат ағымдардан зардап шеккен тұлғаларға көмек көрсету орталығы ашылды. Аталған орталықтың жұмысын «Даналық» қоғамдық бірлестігі үйлестіреді.