Семейліктер Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы қарсы алды

Құрамында белсенді жастар, жас спортшылар, спорт ардагерлері, қала әкімшілігінің өкілдері бар жалпы саны 150-ден астам Семейліктер спортшыны Өскемен қаласындағы Спорт сарайының алдынан күтіп алды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Олимпиада чемпионын Семейліктер көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, гүл шоқтарын сыйлап, ақ тілектерін жаудырды.
Семей қаласы әкімінің атынан спортшыны қаланың білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары М.Құржықаев құттықтап, Ольгаға «Спорт ханшайымы» атты лента тақты.
«Барша Семей халқының атынан Лондонда өтіп жатқан ХХХ Олимпиадалық ойындарда айрықша жеңіске жетіп, алтын медальға ие болуыңмен шын жүректен құттықтаймыз. Біз Семейліктер, Шығыс Қазақстандықтар сенімен мақтанамыз! Сені осы жарқын жетістігіңмен құттықтаймыз. Сен тек біздің облыстың емес бүкіл Қазақстанның даңқын шығардың. Зор денсаулық, жаңа жарқын жеңістер тілейміз!»-деп атап өтті М.Құржықаев.
Кездесу соңында жиналғандар спортшымен естелік суретке түсіп, спортшыдан қолтаңба алды.