Сенат комитетінде «2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды
Бұл заң жобасы еліміздегі Бюджет кодексінің ережелеріне сәйкес және әлеуметтік-экономикалық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған болжамының өзгеруі негізінде, сондай-ақ бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында биылға арналған республикалық бюджет шығыстарының орындалуы ескеріле отырып әзірленген болатын.
Экономика салаларының қаңтар-шілдеде дамуының қорытындылары мен биылғы әлемдік экономиканың және негізгі экспорттық тауарларға әлемдік бағалардың өсуі жөніндегі халықаралық ұйымдардың бағалауы негізінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған болжамына өзгерістер енгізілді.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың макроэкономикалық көрсеткіштерінің 2010-2014 жылдарға арналған болжамының өзгеруі негізінде ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет нақтыланды.
Нәтижесінде, ағымдағы жылға арналған заң жобасы қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда жалпы сомасы 139,4 миллиард теңгеге ұлғайтылып, түсімдер 3 517,8 миллиард теңге және шығыстар 4 321,4 миллиард теңге болып айқындалды.
Отырысқа қаржы, экономикалық даму және сауда министрліктері, Ұлттық банкінің өкілдері қатысты. Заң жобасы палатада қарауға жіберілетін болды.