Сенат комитетінде даму институттарының тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды
Жиынды ашып сөз сөйлеген Комитет төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева даму институттарының тиімділігін арттыру мәселесі ұлттық экономиканы жаңғырту тұрғысынан алғанда маңызды шара болып табылатындығын, бұндай өзекті міндетті Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы халыққа жолдауында жүктегенін алға тартты. Сонымен бірге, сенатор индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы даму институттарының орны айрықша екендігін атап өтті. «Қаржы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, 2003-2009 жылдар аралығында квазимемлекеттік сектордың қызметіне мемлекеттік қолдау 1 трлн. 174,1 млрд. теңгені құраған. Яғни, қазіргі бағаммен долларға шаққанда бұл - 11,6 млрд. долларға тең. Республикалық бюджеттен бөлінген осы қаражат негізінен институттардың қаржылық активтерді иеленуіне, оның ішінде жарғылық капиталдарын қалыптастыру мен арттыруға жұмсалды. Алайда, Есеп комитетінің соңғы тексерістері квазимемлекеттік сектордың барлығы бірдей мемлекеттік қаражатты тиімді пайдаланбағанын көрсетіп отыр», деп атап өтті Н. Жолдасбаева.
Кездесуге «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі», «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Инжиниринг және трансферт технологиялары» АҚ басшылары қатысты. Жиын қорытындысына сәйкес тараптар көтерілген ұсынымдар мен пікірлер негізінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірленетін болады.