Сенат комитетінде еліміздің басты қаржы құжаттары қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015-2017 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары қаралды.
None
None

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Заң жобалары Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» халыққа Жолдауларында айтылған тапсырмалар ескеріліп, 2015-2019 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың түзетілген болжамы негізінде әзірленген болатын.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің түзетілген болжамы 2014 жылғы әлемдік тауар нарықтарындағы қазіргі жағдайды, әлемдік экономиканың өсімі мен негізгі экспорттық тауарларға әлемдік бағалардың өзгерісі жөніндегі халықаралық ұйымдардың болжамын, экономика салалары мақсатты көрсеткіштерінің нақтыланған өсімін ескере отырып қалыптастырылды.

Жалпы ішкі өнімнің нақты өсу қарқыны 2015 жылғы болжам бойынша 4,8 пайызды құрады немесе бұрынғы мақұлданған болжамнан 0,2 пайыз төмен болды, 2016 жылы 5,3 пайызды, 2017 жылы 6,7 пайызды, 2018 жылы 5,8 пайызды, 2019 жылы 6,5 пайызды құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экономика өсімін қолдау және инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыру үшін Ұлттық қордан 2015 жылы 707,5 миллиард теңге, 2016 жылы 372,5 миллиард теңге мақсатты трансферт тартылады. Сөйтіп, 2015 жылы 6 858,0 миллиард теңге көлемінде, 2017 жылы болжам бойынша 6 971,1 миллиард теңгеге дейін түсім көзделіп отыр.

Бюджет дефицитін төмендету саясатына сәйкес, оны Жалпы ішкі өнімнің 2015 жылға болжанған 2,3 пайызынан 2017 жылы 1,7 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Дефицит абсолюттік мәнде 2015 жылы 997,1 млрд. теңгені құрайды, 2017 жылға 972,5 млрд. теңге сомасында болжанып отыр.

Түсімдер мен дефициттің жоспарланған көлемінен қарағанда бюджет шығыстары 2015 жылы 7 855,1 млрд. теңгеден 2017 жылы 7 943,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына және Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға дейінгі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттің әлеуметтік саладағы жаңа міндеттері 2015 жылы 194,1 млрд. теңгеден 2017 жылы 599,7 млрд. теңгеге дейін бағаланып отыр.

Білім беру және ғылым саласының шығыстары 1 788,8 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде биылғы жылға қарағанда 76,1 млрд. теңге немесе 16,6 пайызға өсіп, 2015 жылы - 535,8 млрд. теңге болады.

Білім беру нысандарының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарына 2015-2017 жылдарда 283,4 млрд. теңге бөлінеді, оның ішінде 2015 жылы - 105,4 млрд. теңге, 2016 жылы - 112,8 млрд. теңге, Ұлттық қордан трансферт есебінен жыл сайын 30 млрд. теңге бөлінеді.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі шығыстар 2 120,7 млрд. теңгені, оның ішінде биылғы жылмен салыстырғанда 54,8 млрд. теңге немесе 8,5 пайызға ұлғайып, 2015 жылы - 700,1 млрд. теңгені құрайды.

2015 - 2017 жылдарда Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға 232,9 млрд. теңге, оның ішінде 2015 году - 132,1 млрд. теңге, Ұлттық қордан берілетін мақсатты трансферттің есебінен 81 млрд. теңге бөлу көзделуде.

Заң жобаларын талқылау барысында комитеттер мен депутаттардан ескертпелер мен ұсыныстар да түсті. Онда негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік жәрдем және әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық - сумен қамтамасыз ету және су кәрізі, жылу жүйесі, электрмен қамтамасыз ету желісінің құрылысы, газ бөлудің автоматтандырылған стансалары, жол құрылысы мен жөндеу салаларын қаржыландыруды ұлғайтуды қарастырады.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар