Сенат теңізшілердің жеке куәліктеріне қатысты конвенцияны қабылдады
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң Қазақстанның 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясын іске асыру мақсатында әзірленген. Конвенция 2003 жылғы маусымның 19-ында Женевада қабылданған болатын және оның үлесіне әлемдік флоттың 60,7 пайызы тиетін 61 мемлекетпен ратификацияланған теңізшілердің ұлттық жеке куәліктері туралы конвенцияның орнына 2005 жылғы ақпанда күшіне енген. Конвенция бойынша өзгеше ережелер көзделмесе, онда теңізшілердің жеке куәліктерін беру ұлттық заңнамада және жол жүру құжаттарын беруге қатысты өзге де нормативтік- құқықтық актілерде көзделген талаптарға бағындырылуы қарастырылады. Бұл ретте теңізшінің куәлігі міндетті құжат болып табылады, онсыз шетелде жүзетін теңіз кемелерінде экипаж мүшелерінің жұмыс істеуі мүмкін болмайды. Ал Қазақстанда осы халықаралық құжаттың болмауы еліміздің теңізші азаматтарының қазақстандық кемелерде немесе шетел компанияларының кемелерінде жұмыс істеуін қиындатуда.
«Теңізші куәлігінде теңізшінің фотосуреті және жалпы деректерінен басқа саусақ таңбалары негізінде құрылған биомертиялық мәліметтер және тұлғаны сәйкестендіре алатын ерекше физикалық белгілері болуы шарт. Бұл шаралар теңіз қарақшылығы мен лаңкестігінің арту қаупімен байланыстырылып отыр», деді құжат бойынша баяндаған ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Жеңіс Қасымбек.
Бұдан басқа, конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет теңізшілердің жеке куәліктерін негізсіз кешіктірмей беруді қамтамасыз ететін болады. Сонымен бірге, құжат конвенцияға қатысушы әрбір мемлекеттің босқындарға немесе азаматтығы жоқ адамдарға қатысты халықаралық ережелерден туындайтын өз міндеттемелерін орындауына кедергі келтірмейді. Құжат бойынша жағалауға демалысқа шығу үшін теңізшіге виза алу талап етілмейді. Ал бұндай талапты орындауға мүмкіндігі жоқ әрбір мемлекет оның заңнамасында немесе қолданылып жүрген тәжірибесінде негізінен осы талапқа сай келетін рәсімдер көзделуін қамтамасыз етулері тиіс.