Сенат Төрағасы Еуроодақтың Тұрақты өкілімен өзара қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті (ФОТО)

Қ.Тоқаев Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі болып табылатын Еуроодақпен өзара қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті. Төраға Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могеринидің биылғы желтоқсанда Астанаға сапары кезінде қол қою жоспарланған Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің ерекше маңыздылығын айтты.
Т.Христеа Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатының арқасында Еуроодақпен өзара тиімді байланыстар алдағы уақытта да дами түсетініне сенім білдірді. Тұрақты өкіл Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасының мән-маңызына назар аударды. Еуроодақтың тұрақты өкілінің пікірінше, созылмалы жанжалдар, босқындардың жаппай ағылуы мен террористік шабуылдар аясында дінаралық үнқатысу саясатының қажеттілігі мен келешегі анық байқалады. Қ.Тоқаев 2016 жылғы 31 мамырға жоспарланған, еуропалық және азиялық депутаттар, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының мүшелері қатысатын «Дін терроризмге қарсы» халықаралық парламенттік конференция туралы Т.Христеаны хабардар етті. Сол күні Қ.Тоқаев таяуда Президент Н.Назарбаевқа сенім грамотасын табыс еткен Латвия Республикасының Елшісі Юрис Погребняксты қабылдады. Жоғарғы Палатаның басшысы Қазақстан мен Латвия қатынастарын нығайту ісінде Елшіге табысты болуына тілектестігін жіткізді. Қазақстан Парламенті мен Латвия Сеймі арасындағы үнқатысуды дамыту келешегі, сондай-ақ екі елдің білім беру саласындағы өзара ынтымақтастығы туралы пікір алмасылды. Латвия елшісі Төрағаға қазіргі кезде өз елінде 250 қазақстандық студент оқып жатқаны туралы хабарлады.