Сенат Төрағасы Қ. Мәми Әзірбайжан Милли Меджлисінің Төрағасы О. Асадовпен кездесті

Әріптесімен кездесу барысында Қ.Мәми Қазақстан мен Әзірбайжанның екіжақты қарым-қатынастарының елеулі бөлігі болып табылатын парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту үшін Астанада өтіп жатқан парламенттік форумның аса маңызды екенін атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған ТүрікПА-ны дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін біз әзірбайжан жағына алғыс айтамыз. Бауырлас елдердің Ассамблеясы беделді халықаралық парламенттік ұйымдар қатарына кіретін болады», деп сенім білдірді төраға кездесу барысында. Сөз аарсында Қазақстан биыл төрағалық ететін Ислам Конференциясы Ұйымына Әзірбайжан белсенді қатысушы екенін атап өте келіп, Сенат спикері, 2011 жылы Астанада ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38 сессиясын өткізу туралы қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін әзірбайжан тарапына ризашылық білдірді.
Қазақстан мен Әзірбайжан ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты Сенат Төрағасы «екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы және халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл екі мемлекет Президенттерінің кездесулері және оның нәтижелерімен, жоғары деңгейде қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асуымен айқындалып отыр», - деп атап өтті.
Өз кезегінде О.Асадов Қазақстанның ТүрікПА-ға табысты төрағалық ететіне сенім білдіріп, Қ.Мәмиді өзіне қолайлы уақытта Әзірбайжанға ресми сапармен келуге шақырды.