Сенат төрағасы Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Питер Ван Леувенді қабылдады

Кездесу барысында Қ.Мәми П.Леувенді қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның дипломатиялық қызметі Қазақстан мен Нидерландының екіжақты қатынастарын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
- «Нидерланды Қазақстанның Еуропадағы саяси және экономикалық маңызды әріптесі»,-деді төраға және ол «дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 20 жылда ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара қарқынды іс-қимылға қол жетті», - деп атап өтті.
«Еуропа Одағымен стратегиялық әріптестік тұрғысында Нидерландымен екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын» атаған Қ.Мәми Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағының инвестициялық және энергетика саласындағы өзара іс-қимылын одан әрі кеңейту жайына тоқталды.
Қ.Мәми Қазақстан Республикасының Парламентінде голланд депутаттарымен ынтымақтастық тобы, ал Нидерланды Парламентінде 2010 жылдан бастап Қазақстан парламенттік достастар тобы жұмыс істейтінін еске сала отырып, Парламентаралық байланыстарды саяси үнқатысудың маңызды бөлігі деп атады.
Сондай-ақ елші арқылы нидерланды депутаттарын біздің елге шақыруын жеткізе отырып, «депутаттардың сапарлары өзара парламентаралық іс-қимылды белсенділендірудің жақсы мүмкіндігі болып табылады», - деді төраға.
П.Леувен өз кезегінде Қазақстан мен Нидерландының екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту жайындағы ойларын ортаға сала отырып, 20 жылғы тәуелсіз даму жолындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табыстарын жоғары бағалады.
Дипломат биылғы мамыр айында Астанада Голландия күндерін өткізу жоспарланып отырғанынан хабардар етіп, депутаттарды аталған шараға белсенді атсалысуға шақырды. Елшінің пікірінше, бұл - екі елдің саяси, экономикалық тұрғыдағы сенімді әріптестіктеріне қоса мәдени өмірінде де ынтымақты байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.