Сенат Төрағасы сайланып, жаңа Үкімет жасақталды
Апта ішінде Қазақстанның сегізінші Үкіметінің жаңа құрамы жасақталып бітті. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының жаңа төрағасы сайланды.
Әңгімені Сенаттан бастасақ. Есте болса осыдан бір айдай уақыт бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры етіп тағайындаған болатын. Ағымдағы жылғы 17 наурызда болған ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Қ. Тоқаев сәуір айының орта тұсында Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі жоспарланғанын, жаңа қызметіне содан кейін кірісетінін мәлімдеген еді. Парламент Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қ. Тоқаев 11-12 сәуірде жұмыс бабындағы сапармен Нью-Йоркте болып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Бас хатшының бірінші орынбасары Аша-Роуз Мигиромен кездесті. Кездесулер барысында БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің қызметі және оның дүниежүзілік ұйымның штаб-пәтерімен өзара іс-қимылы мәселелері талқыланған. Енді міне Қ. Тоқаевтың жаңа қызметіне кірісетін мезгілі келгендіктен, Сенаттың жаңа төрағасын сайлау күн тәртібінде тұрған мәселе еді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Парламент Сенатын мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады. Елбасы Ата заңда өзіне берілген осы құқықты пайдаланып, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысына келді. Сенаторлардың қарауына басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы қызметінен босату туралы мәселені шығарды. Сенаторлар бұл ұсынысты қолдап, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметінен босатылды. Президент 1992 жылдан бері өзінің жанында таймай қызмет істеп, сенімді серіктерінің бірі болған Тоқаевты тәжірибелі, беделді азаматтың бірі ретінде атап өте келе, «Тоқаев үкіметі ең беделді атқарушы орган» болғанын баса айтты. Сонымен қатар Елбасы Қ. Тоқаев БҰҰ-ның басшылық қызметіне тағайындалған Қазақстандағы ғана емес, Азиядағы алғашқы тұлға екендігін, бұл Қазақстан үшін зор мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік болып табылатынын айрықша атап көрсетті.
Содан кейін Мемлекет басшысы Сенат Төрағасы қызметіне осыған дейін ҚР Бас прокуроры қызметін атқарып келген, бүгін ғана сенатор болып тағайындалған Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды. «Бұған дейін Қ. Мәми мен тағайындаған барлық жерлерде өз қызметін адал әрі әділ атқарды, өзінің кәсібилігін танытты. Сот корпусы алдында да, сондай-ақ құқық қорғау органдары алдында да оның беделі жоғары. Жүктелген барлық міндеттерді жоғары деңгейде атқарады. Соған орай, мен Қайрат Әбдіразақұлын Сенат жұмысын тиімді қамтамасыз етеді және осы лауазымға лайық деп есептеймін»,-деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабына сәйкес Елбасы ұсынған Сенат Төрағасының кандидатурасын палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Сайлауға 44 сенатор қатысып, барлығы ҚР Парламенті Сенатының Төрағалығына ұсынылған Қайрат Мәмидің кандидатурасын жақтап, дауыс берді.
Сенаттың бүгінгі жалпы отырысы барысында Н.Назарбаев сондай-ақ ҚР Бас прокуроры лауазымына бұған дейін Әділет вице-министрі, Мәжіліс депутаты сияқты жауапты қызметтер атқарған, соңғы 11 жыл бойы Бас прокурордың орынбасары қызметін атқарып келген Асхат Дауылбаевтың, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы лауазымына бұған дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған Бектас Бекназаровтың кандидатурасын ұсынды. Сенаторлар Президентің бұл ұсынысын да толық қолдады. Ал қарамағындағы алты бірдей судья сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғандықтан Жоғарғы Соттың бұрынғы төрағасы Мұсабек Әлімбеков өз еркімен қызметінен босады.
ҚР Конституциясына сәйкес, Президент сайланғаннан кейін Мемлекет басшысына тікелей бағынышты мемлекеттік органдардың басшылары да өз өкілеттіктерін доғаратындығын еске салған Елбасы аталған шеңберге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы да кіретіндігін ескерте келе: «Бізге оны қайта бекіту керек. Сондықтан Конституцияның 44-бабы, 4-тармағына сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Әбіқаев Нұртай Әбіқайұлының кандидатурасын ұсынамын», - деді. Осыдан кейін сенаторлар ҚР Президентінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметіне Н. Әбіқаевты тағайындауына келісім беру жөніндегі Сенаттың қаулысын дауысқа қойылып, жиынға қатысқан 43 депутат түгелдей қолдау білдірді.
«Осы аптаның ішінде мен барлық лауазымды мемлекеттік органдарда тиісті тағайындаулар жасадым. Оның ішінде жаңалары да ескілері де бар, алайда Үкімет құрамының дені өз орнында қалды. Бұған себеп - жұмыс істеп жүрген адамды, қолынан іс келетін адамды, мемлекетке табыс әкелетін адамдарды ауыстырудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Кешегі қабылданған бағдарламадан осы Үкімет бір команда болып шықты, берілген тапсырмаларды орындады. Ендігі күні бұны ары-қарай орындау керек. Сондықтан да, алдағы уақытта қолға алынған міндеттерді орындауға тиіспіз»., - деді жалпы отырысты қорытындылаған Н.Назарбаев.
Президент сондай-ақ ағымдағы жыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы екендігін, бұл жыл тек қана дабырлатып той жасайтын жыл еместігін, Қазақстанның 20 жылдағы табысын дүние жүзіне паш ететін жыл болуы тиістігін баса айтты. Өз сөзінде инновациялық бағдарламаны жүзеге асырмаса болмайтындығын да атап көрсеткен Мемлекет басшысы: «Бізге 7 пайыздық өсім керек. Сол 7 пайыздың 4 пайызын шикізат береді, 3 пайызын өндірісті өңдеуден алуымыз керек. Осы жағын мықтап қолға алған жөн. Егер біз тек шикізатқа тәуелді болып қалатын болсақ, мұнайы да, газы да көп, бірақ артта қалған ел боламыз. Сондықтан бізге өте шапшаң қимыл қажет. Заман, дүние өзгеріп барады. Қалай болатынын және не болатынын ешкім де білмейді. Қазір дағдарысты біреулер бітті десе, ендігілері біткен жоқ дейді. Тағы біреулер ол енді басталып келе жатыр дейді. Үшеуі де дұрыс пікір. Ал біз осылардың барлығына дайын болуымыз керек», - деді.
Үкімет құрамында 6 жаңа миинстр
ҚР Министрлер кабинетінің он төрт мүшесі Үкімет ауысқаннан кейін өз орындарын сақтап қалса, жаңа алты министр тағайындалды. Сондай-ақ Үкімет басшысының бұрынғы орынбасарлары өз қызметтерінде қалды. Облыс басшыларының да атқарып отырған жұмыстарына көңілі толған Елбасы олардың ешқайсысын қызметінен алған жоқ. Тек Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовті ғана ҚР Президентінің іс бақсарушысы лауазымына тағайындады. Оның орнын бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болып келген Анзар Мұсаханов басты. Ал жаңадан тағайындалған министрлерге келер болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Асылжан Мамытбеков, Спорт және туризм министрлігіне Талғат Ермегияев, Экономикалық даму және сауда министрлігіне Қайрат Келімбетов, Көлік және коммуникация министрлігіне Берік Камалиев Президент Жарлығымен басшы болып бекітілді.
Айта кетерлігі, қайта жасақталған Үкімет мүшелерінің орташа жасы шамен 49-ды құрап отыр. Ал бұл көрсеткіш 90 жылдардағы Министрлер кабинетінде 53 жасты құраған болатын. Демек, уақыт өте келе «көпті көргеннен емес, көп оқығаннан сұра» деген қағидаға бет бұрған тәріздіміз. Елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси, құқықтық һәм мәдени өміріне тікелей жауапты ведомстволардың лауазымды тұтқасына қол жеткізген аталған азаматтар бұған дейін мемлекетті көркейтуге, Елбасының индустрияландыру, инновациялық даму саясаты іске асыруға белсене қатысқан еді.
СІМ араб мәселері бойынша жұмыс істеуге бет бұрады
ҚР Конституциясының 70-бабының 1-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарған Үкімет осы аптада толығымен қайта жасақталып бітті. Естеріңізде болса, өткен жұмада Елбасы Н.Назарбаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі лауазымына ұсынған Кәрім Мәсімов кандидатурасын палата депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс берген болатын. Енді міне Үкіметтің жаңа құрамы пайда болды.
Ең алдымен, дүйсенбі күні Сыртқы істер министрлігіне ат басын бұрған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ведомство ұжымына жаңа министр Ержан Қазыхановты таныстырды. Дипломаттарға жаңа министрді таныстырған Елбасы, министрлік ұжымын еліміздің сыртқы саяси жетістіктерімен, атап айтқанда, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына былтырғы табысты төрағалығымен және ұйым саммитінің өткізілуімен құттықтады және министрліктің алдына қойылып отырған бірқатар басымдықтарға тоқталды. «Ол өз ісінің маманы. 1989 жылдан бері СІМ органдарында қызмет етіп келеді. 10 жылдай уақыт Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеген. Менің көмекшім болды, Венада елші болды. Ол араб тілінің маманы, ағылшын және араб тілдерін жақсы біледі. Біз былтыр еуропалық мәселелер бойынша біраз істер атқардық. Қазір араб мәселелері бойынша жұмыс істеу керек. Қазақстанның ислам әлеміндегі беделін нығайтуға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Биыл алдымызда үлкен міндеттер тұр. Мамыр айының басында үлкен экономикалық форум өтеді, одан кейін Еуропалық қайта құру және даму банкінің форумы, Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің саммиті, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының мерейтойы бар. Атқаратын міндеттер көп. ЕҚЫҰ Саммиті кезіндегі еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді», - Елбасы.
Жаңа министрге жаңа міндеттер жүктелді
Осы аптада еліміздегі ішкі қауіпсіздікті жіті қадағалау міндеті жүктелген ведомствоға келген ҚР Президенті Ішкі істер министрі лауазымына генерал-майор Қалмұханбет Қасымовты тағайындады. Осыған орай өткізілген жиын барысында құқық қорғау ведомствосының қызметкерлеріне жаңа Ішкі істер министрін таныстыра отырып, Президент полиция және ішкі әскер қызметкерлеріне жақсы жұмыстары үшін алғысын айтып, басым міндеттерге тоқталды. «Қасымов еңбек жолын тергеушіден, аға тергеушіден бастаған. Ол заңгер, ішкі істер жүйесінде өмір бойы еңбек етіп келеді, қазір ШҚО ІІД-ін басқарады. Мен таяуда негізгі міндеттері белгіленген ІІМ алқа мәжілісіне қатыстым. Бүгінде сондай-ақ бірқатар міндетті шешу қажет. Бірінші. Министр мен оның орынбасарлары ведомствоның өз ішіндегі жемқорлыққа қарсы іс-әрекетке жеке жауап береді. Мен бұл міндетті тағайындалған барлық министрлердің алдына қоямын. Министрлер мен олардың орынбасарлары - өз ведомстволарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске негізгі жауаптылар. Егер онымен министрліктің басшылығының біреуі айналысқан болса, онда бүкіл құрам және министр өз қызметінде қалуға құқы жоқ. Екінші мәселе - бизнесмендерге зәбір көрсетуге жол жоқ. Біз қазір іскер адамдарға толықтай еркіндік беріп, ісіне араласпауға тиіспіз. Басқа барлық мәселелер бойынша мен тәртіп енгіземін, тексеруші органдарды қысқарту керек. Үшінші мәселе - кадрларды тәрбиелеу. Құрамға жастар көптеп келіп жатады, оларды оқыту керек. Заңды, өз құқықтары мен міндеттерін білулері керек, қарапайым адамдардың мұқтаждықтарын түсіну үшін оларға жақын болу керек. Егер өз құқығын, өз бостандығын қорғау үшін өтініш білдірген адам болса, полиция қызметкері оған көмектесуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Елбасы қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі туралы заң жобасы әзірленіп жатқандығын құлағдар етті. Президент пайымынша, аталған заң жобасында полиция қызметкерлерінің материалдық жағдайын, полиция қызметкерлері үшін әлеуметтік пакетті ескеру қажет. Сонымен қатар құқық қорғаушылардың халық алдындағы жауапкершілігі мен беделін көтеретін де уақыт жетіп отырғандығын баса айтқан Нұрсұлтан Назарбаев: «Сондықтан мен бәрін төменгі жәйтті, ауыл, аудан жағдайын білетін адамды тағайындап отырмын. Ол облыста жұмыс істеді, бүкіл Қазақстанды аралап шықты, бүкіл жүйені, басшылықты біледі. Сайлаудан кейін халық топтаса түсті. Қазақстандықтар мерекелік көңіл-күй кешуде, халықтың үлкен қуаныштар күтері анық. Бұл бізге зор жауапкершіліктер жүктейді. Сіздер қылмыспен алғаш рет бетпе-бет келесіздер. Жергілікті жерлердегі қатардағы полицейлер, жол полициясының қатардағы қызметкері - сіздер қылмыспен күресте елдің негізгі күшісіздер. Сіздер ең үлкен құқық қорғау ұйымысыздар және елімізде құқық қорғауды нығайту жөніндегі ең негізгі күшсіздер», - дей келіп, министрліктің алдында тұрған барлық міндетті іске асыратынына сенім білдірді.
Әкімге құрылыс саласындағы түйткілдерді шешу жүктелді
Ал 12 сәуір күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев астаналық әкімдікте болып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, депутаттардың қарауына Астана қаласының әкімі қызметіне И.Тасмағамбетовтің кандидатурасы енгізілген қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының жұмысына қатысты. Депутаттар Мемлекет басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады. «Иманғали Тасмағамбетовтің басшылық қызметте мол тәжірибесі бар. Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент аппаратының басшысы болып тағайындалды, Атырау облысында, Алматы қаласында әкім болып еңбек етті, енді қазір осында қызмет атқаруда. Мен оған сенемін, ол мен үшін ерекше мәнге ие қалада, біздің басты қаламызда үлкен іс жасап жатыр деп есептеймін», - деді Елбасы. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Мемлекет басшысы Астана әкімдігінің ұжымы алдына бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, қалада инвесторлармен белсенді жұмыстар жүргізу, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының барлық жоспарын орындауды, астаналықтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аудару керектігі баса айтылды. Сондай-ақ Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жылдың аяғына дейін өткен жылғы Мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген барлық тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, үлескерлік құрылыстың 25 нысаны, әлеуметтік нысандарды салу кестесі қатаң бақылауға алынады. Астанада алғашқы медициналық көмек саласындағы жұмыстар жақсарап, бас шаһарға жақын орналасқан облыстармен бірлесіп Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасын іске асыру жалғасын таппақ.
Екі агенттік таратылды
Дәл осы күні ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі таратылды. Аталған Жарлықпен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі таратылатын агенттіктердің міндеттемелері бойынша құқықты иеленуші болып анықталды. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Жарлықты іске асыру бойынша шараларды қабылдайтын болады.
Батыс су тасқынан зардап шегуде
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында орын алған жағдай биыл еліміздің батысында орын алып, Шыңғырлау, Тасқала, Зеленов және Теректі аудандары мен Орал қаласындағы тұрғын үйлер еріген қар суынан зардап шегіп жатыр. Ауа райының жайсыздығы онсыз да күрделі жағдайды қиындатып отыр. Бірнеше күн бойы жауған жаңбыр, күннің күрт жылуы салдарынан еріген қар өзендердегі су деңгейіне әсерін тигізуде. Бүгінде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен БҚО бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ұшақпен су астында қалған аумақтарды аралап, жіті қадағалауда. Соңғы деректерге сәйкес, барлығы 1622 үйді су басып қалды, оның 400-і - саяжайлар. Құтқарушылар қауіпті аумақтардан халықты қауіпсіз жерлерге көшіруді жалғастыруда. Онда медициналық қызмет және тамақ қамтамасыз етілген. Осы уақытқа дейін көшірілген тұрғындардың саны 6181 адамды құрайды.
Батыстағы бұл жайт билікті бей-жай қалдырған жоқ. Күні кеше Батыс өңірінде болған ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин табиғат апатынан зардап шеккен бірде-бір тұрғынның қамқорлықсыз қалмайтынын мәлімдеді. Ал ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысына 2011 жылғы республикалық бюджетте көзделген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға көзделген Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы Үкімет қаулысына қол қойды. Қаулыға сәйкес 870 миллион теңге көлеміндегі қаржы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, 2011 жылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жоюмен байланысты халықтың өмірлік маңызды нысандарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына бөлінеді. Сондай-ақ Премьер-Министр облыс әкімдері мен ұлттық компанияларға Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны зардаптарын жоюға материалдық көмек көрсетуді тапсырды.