Сенат Төрағасының орынбасары М. Көпеев Жидда қаласында Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Э.Ихсаноглумен кездесті

М.Көпеев Бас хатшыны Ұйымның құрылғанына 40 жыл толуымен құттықтады және мұсылман елдерінің сындарлы үнқатысуларын дамыту мен саяси еркін біріктірудегі Ұйымның маңызды рөлін атап өтті.
«Исламның бейбітшілік пен өркендеу діні ретіндегі гуманистік ұстанымдарына негізделген Ұйымды реформалау мен жаңартуға бағытталған ИКҰ күш-жігерін Қазақстан қолдайды», - деді төраға орынбасары.
М.Көпеев Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 сессиясы барысында Президент Н.Назарбаев ұсынған Ұлттық бірлік доктринасының негізгі ережелерін түсіндірді.
Э.Ихсаноглу Қазақстандағы ұлтаралық және ұлысаралық келісімді нығайтудағы, сондай-ақ жер жүзіндегі мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамытудағы Президент Н.Назарбаевтың рөлін жоғары бағалады, қазақстандық басшыны «түркі әлемінің лидері» деп атады.
«Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету кезеңінде Президент Н.Назарбаев «мұсылман әлемінің лидері» болады», - деді Э.Ихсаноглу. ИКҰ Бас хатшысының айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан Республикасының әлем қоғамдастығы таныған ұлтаралық және ұлысаралық келісімнің оң тәжірибелері Ұйымда зерделеніп отыр.
Жүздесушілер Қазақстан мен ИКҰ өзара іс-қимылындағы елеулі алға басушылықты жоғары бағалады, сондай-ақ ИКҰ сыртқы істер министрлері Кеңесінің Астанада 38 отырысын өткізудің және осы ұйымға Қазақстанның 2011 жылы төрағалық етудің мәселелері жайында пікір алмасты.
Мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуларын одан әрі ілгерілету Қазақстанның ИКҰ-на төрағалық етудегі күн тәртібінің маңызды бағыттары болатыны аталып өтілді.
«Әлемде өркениеттер мен діндер үнқатысуларын одан әрі сапалы ілгерілету қажеттегі артып келеді - ол Қазақстанға қосымша жауапкершілік қосатын болады», - деді Э.Ихсаноглу. Осыған байланысты Бас хатшы Қазақстанның ЮНЕСКО Атқарушы комитетіне мүше болуы, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға және 2011 жылы ИКҰ-на төрағалық етуі Қазақстан тарапына осы ұйымдармен ынтымақтастықты қалыптастыруға және өркениетаралық және дінаралық үнқатысуларды ілгерілетуге жаңа серпін болатынын атап өтті.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаты М.Ахмадиев пен Ассамблея Кеңесінің мүшесі, чешен және ингуш халықтарының «Вайнах» мәдени даму қауымдастығының тең төрағасы С.Оздоев қатысты.