Сенат ҰҚШҰ арасындағы әскери ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған келісімді қабылдады

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында әскери мақсаттағы өнімдерді шығару жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-өндірістік бірлестіктерді құрудың жалпы қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
None
None

Енді құжат ҚР Президентінің қол қоюына жіберіледі. Аталған келісімге мемлекеттер басшылары Мәскеу қаласында 2010 жылдың желтоқсан айында қол қойған болатын.

Келісімге сәйкес, әскери мақсаттағы өнімдерді шығару жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-өндірістік бірлестіктер - бұл Тараптардың әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, жасау, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату үшін өздерінің ғылыми-техникалық, өндірістік, зияткерлік және инвестициялық әлеуеттерін біріктіретін, мүдделі тараптар арасында екіжақты және көпжақты шарттар негізінде құрылатын кәсіпорындар. Құжатқа сәйкес, бірлестіктер өздері шығаратын әскери мақсаттағы өнімдерге қатысты сыртқы сауда қызметін тараптармен жүзеге асырады.

«Қазақстанның әскери және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету әскери басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, өзара байланысты саяси, дипломатиялық, әлеуметтік, ақпараттық басқа да шаралар кешенін жүргізу есебінен тиімді жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл ретте келісімнің мақсаты бірлескен кәсіпорындар құру жолымен Ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын дамыту мен кіріктіруді бірлесіп қолдау болып табылады. Келісім ҰҚШҰ-да өндірісті және ғылыми әлеуеттер бойынша кіріктірілген және ҰҚШҰ мүше мемлекеттерге олар шығаратын өнімді дербес жеткізу құқығын жүзеге асыруды көздейді», - дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов.

Оның айтуынша, құжат отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені шығаратын әскери мақсаттағы өнім үшін өткізу нарығын кеңейту перспективаларын қарастырады. Бүгінгі күні Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кешенінің тікұшақтары, теңіз торпедолары, түнде көру аспаптары және басқа да әскери саладағы техникаларды шығару және экспорттауға, жөндеу жүргізуге, жаңартуға мүмкіндігі бар. Бұл бағытта бірқатар бірлескен кәсіпорындар құру жоспарланып отыр.  Сондықтан да келісімді қабылдау ұйымға мүше мемлекеттердің әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастығын жетілдіруге ықпал ететін болады.

Соңғы жаңалықтар