12:29, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Сенатор А. Бижанов РФ Федерация Кеңесі ТДМ істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасарымен жүздесті
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Владимир Бабичевті қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл кездесу екі ел арасындағы парламентаралық топтың жалпы жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Жүздесу барысында Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту, оның ішінде парламентаралық байланыстарды тереңдете түсу мәселелері бойынша пікір алмасылды. «Қазақстан мен Ресейдің өзара қатынасы тұрақты түрдегі қарқынмен дамып отыр. Жыл сайын жаңа деңгейлерге көтеріліп келеміз, бүгіннің өзінде барлық сала бойынша ынтымақтастық толық орнады. Әрине, екі ел арасындағы бұндай қатынастардың маңызды бөлігі парламентаралық байланыс, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастық топтың жұмыстарына қатысты болып табылады. Әсіресе, әлемдік қаржылық дағдарыс өршіп тұрған осындай уақытта заң шығармашылық қызметіндегі ынтымақтастықты барынша жақындата түскен орынды деп білеміз», деді В. Бабичев.
Сонымен бірге, депутаттар «Қазақстан-Ресей» парламентаралық ынтымақтастық тобының 2010-2011 жылдарға қарай бірлесе атқаратын шараларын талқылап, заң шығармашылығы саласында екі мемлекеттің ортақ басымдық беретін мәселелеріне шолу жасап өтті. Атап айтқанда, алдағы жылдарға жоспарланған шаралар аясында Ресей парламентшілері Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын заңнамалық қамту базасымен танысуға қызығушылық білдіріп отыр. Бұдан басқа, депутаттар екі елдің шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарын құру мәселелеріне қатысты шараларды кеңінен зерделейтін болады.
Сондай-ақ, жүздесу барысында сенатор А. Бижанов ресейлік әріптесін Қазақстан тарапынан дағдарысқа қарсы жасалып жатқан іс-шаралармен қысқаша таныстырып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан Парламенті дағдарысқа қарсы бағдарламаны құқықтық қамтамасыз ету мәселесін ойдағыдай атқарып, қысқа мерзім ішінде осы бағыттағы құқықтық құжаттар топтамасы қабылдаған.