Сенаторлар Тасқала ауданы активімен кездесті - БҚО

Жүздесуде Рашид Ахметовтің мәлім еткеніндей, өткен жылғы қыркүйектен бері 126 заң жобасы депутаттар талқысынан өткен. Сенаттың өзі Мәжіліс сайлауы кезіндегі екі айдың ішінде 65 заңды қабылдап үлгерген. Ерболат Мұқаев өз сөзінде Парламент отырысында облысқа қатысты 57 мәселе көтергендіктерін жеткізді. Президент күнін белгілеу туралы ұсынысты енгізген алты депутаттың бірі - Е.Мұқаев.
Е.Мұқаев Парламент отырысында қаралған заңдардың ішінде білім мен ғылымға қатысты заңның маңызды болғанын атап өтті. «Білім туралы заң талаптарын қайта қарадық. Қазіргі таңда доктор мен кандидаттан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Қалталылардың бірі доктор болса, екіншісі - кандидат. Алпыс доктор болса, соның бесеуі ғана - ғылым жолында жүргендер. Осы тұрғыда кандидаттық пен докторлықты қорғау ережесін қайта қарап, талаптарын күшейттік. Жоғары оқу орындарына қатысты да мәселе қаралды. Елімізде 150-ден астам ЖОО бар екен. Бәрінің бірдей сапалы еместігі мәлім. Көп ұзамай 30-дан астам ЖОО өз қызметін тоқтатпақшы», деді сенатор.
Бұдан кейін тұрғындар зейнеткерлік жасы, Тасқала жолын жөндеу, Ресей мен Қазақстанда қосымша құн салығының түрліше екендігі туралы өз ой-пікірлерін білдірді.
Сенаторлар алдағы уақытта тасқалалықтардың ұсыныстары ескерілетіндігін жеткізді.
Осындай кездесу Зеленов ауданында да өткізілді.