Сенатта 2010 жылғы бюджетке енгізілетін түзетулер таныстырылды

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Сенатында «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті. Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат кеше Парламент Мәжілісімен мақұлданған болатын.
None
None

2010-2014 жылдарға арналған еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштерінің өзгеруі 2010 жылғы бюджет параметрлерін нақтылауға негіз болған. Осыған орай, Үкімет ұсынған заң жобасы бойынша 2010 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 3 трлн. 517,8 млрд. теңге көлемінде айқындалып отыр. Бұл қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда 139,4 млрд. теңгеге немесе 4,1 пайызға артық.

Республикалық бюджет кірістері трансферттік түсімді есепке алмағанда 1 трлн. 973 млрд. теңгені құрайтын болады немесе 135,5 млрд. теңгеге өседі. Оның ішінде аталған қаражаттар мұнайдың тоннасына экспорттық баж салығының артуынан, нөлдік ставка бойынша салынатын қосылған құн салығын азайту есебінен, біржолғы кедендік тексеріс нәтижелері бойынша түсімдерден есепке алынып отыр. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін игерілмей қалуы мүмкін делінген себеппен 130 млрд. теңге шығыстар қысқартылып, ол қайта бөлінеді.

Жалпы алғанда, 269,5 млрд. теңге сомасында қосымша түсімдер мен босатылатын қаражатты бірқатар басым бағыттарға бөлу қарастырылуда. Атап айтқанда, бюджет жобасына сәйкес, Алматы қаласын дамытуға 11,8 млрд. теңге бөлінеді. Оның ішінде, Алматы қаласындағы метро құрылысын қаржыландыруға, 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру және өткізу іс-шараларын аяқтауға қаражаттар қарастырылып отыр. Ал Астана қаласы дамытуға 13,8 млрд. теңге көзделген. Бұдан бөлек, бюджеттен қарастырылған қаржы инвестициялық жобаларын іске асыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, үлескерлердің проблемаларын шешуге, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бюджет қаражаты қарастырылатын болады.

Қорыта айтқанда, республикалық бюджеттің нақтыланған өлшемдері бойынша түсімдер - 3 трлн. 517,8 млрд. теңге, шығыстар - 4 трлн. 321,4 млрд. теңге, тапшылық - 803,6 млрд. теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар