Сенегал Президенті Маки Салл: ЭКСПО 2017 табысты өтетіндігіне сенімдімін

Таяуда ғана Қазақстанға бірінші ресми сапарымен келген Сенегал Президенті Макси Салл өз сұхбатында екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне, Африка құрлығының инвестициялық ахуалы мен болашағына қатысты ойымен бөлісті.
- Президент мырза, Сіз Қазақстанға бірінші рет сапармен келіп отырсыз. Алғашқы алған әсеріңіз қандай?
- Иә, бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым, оның барысында елдеріңіздің жетістіктерімен жан-жақты таныса алдым. Қазақстан қысқа ғана уақыттың ішінде бүкіл елдің келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикалық құрылымды қалай түрлендіруге болатындығын барлығына паш ете отыра көптеген көрсеткіштерде көшбасшыға айналды. Сіздердің елордаларыңызға келіп-ақ Қазақстанда қандай айтарлықтай өзгерістер орын алғандығын түсінуге де болады. Астана көптеген елдердің көшбасшылары үшін бүкіл елдің халқы үшін ең жайлы ахуал жасай отырып, өз ұлттыңның гүлденуі жолында не жасауға болатындығының көрнекі мысалы болып саналады.
- Біздің елдеріміз ынтымақтастықтың қандай салаларында өзара тиімді іс-қимылға бара алады деп ойлайсыз?
- Сапар барысында мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ынтымақтастық үшін түрлі мәселелерді талқыға салдық. Ең алдымен ол - энергетика, мұнай мен газ салалары. Таяуда ғана Сенегал табиғи газ мен мұнайдың үлкен кенін ашқандығы барлығына да белгілі. Сондықтан да біздер үшін бүгінде еліміз үшін барынша тиімді бағытарда бұл салада келісімшарттар жасасу бойынша келіссөздер жүргізу маңызды. Қазақстан тарабынан осы саланың мамандарын дайындауда көмекпен қатар қолдау да алғым келеді. әрине, біздің өзіміздің ұлттық мұнай компанияларымыз бен мамандарымыз бар. дегенмен, мұнай келісімшарттарын жасасу мәселесінде бізге ынтымақтастық қажет.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ауыл шаруашығы бола алады. Бұл салада Қазақ елінде өндіріс көлемі біршама жоғары деңгейде екендігі белгілі. Ал Сенегалдың ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде, көптеген жобалар толыққанды жүзеге асырылуда. Өзара тиімді ынтымақтастықтың гуманитарлық бағыттарына қатысты айтар болсам, бұл спорт саласы бола алады. Сенегал спорттық жетістіктер елі саналады. Біздің бірнеше футболшымыз Қазақстанның түрлі клубтарында өнер көрсетуде. Сапарым барысында дәл осы спорт саласындағы өзара тиімділікті жақсартуға бағытталған келісімге қол қоюымыз да тосыннан емес.
- Географиялық алшақтыққа қарамастан біздің елдеріміздің негізгі халықаралық проблемаларға қатысты ұстанымдары көп жағдайда ұқсас болып келеді. Ынтымақтастықтың жемісті үлгісі біздің Мемлекет басшымыздың «Ядролық қарудан азат әлем құру бойынша жалпыға ортақ декларация» бастамасының БҰҰ Бас ассамблеясында қабылануы болып саналады. Қабылданған қарардың тең авторлары қатарында Африканың 11 елі, оның ішінде Сенегал да болған еді...
- Қазақстан Президентіне Қазақстанның ядролық әлеуетінен бас тарту үшін тынбай еңбектенген күш-жігері, жаһандық қауіпсіздіктің жалпыға ортақ жүйесіне қосқан зор үлесі үшін ризашылығымды білдірдім. Біз мұны барлық әлем үлгі тұтуы тиіс деп санаймыз. Өйткені, іс жүзінде біздің ғаламшарға ядролық қарудың мұндай көп болуының еш қажеті жоқ. Өзге елдерді ядролық энергетикадан бас тарту қажеттілігіне көз жеткізе отырып, балама энергияны дамыту мәселелерімен жұмыс істегеніміз орынды. Біз бүкіл Орталық Азия өңірінің Африка құрлығы сияқты ядролық қарудан азат аймақ болуын қолдаймыз. Африка 1996 жылдан бері ядролық қару-жарақтан азат аймақ саналады.
Мен Қазақстан Президентінің «Әлем ХХІ ғасыр» манифесі құжатымен таныспын, Ядролық қауіпсіздік саммиті барысында БҰҰ мінберінен айтқан бастамаларын да зерделедім.
Сіздің елдеріңіздің конфессияаралық сұхбаттастыққа үлес қосқандығын да білемін. Бүгінде діни наным-сенім арасында, оның ішінде исламда да айырмашылық бар екендігін түсіну маңызды. Осы ретте Ислам ынтымақтастық ұйымының рөлі маңызды. Сіздердің елдеріңіздің Ислам үмбеті аясында штаб-пәтері Қазақстанда орналасатын азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ұйым құру бастамаларыңыздың да маңызы зор.
Бұл сапарым Қазақстан мен Африка елдерінің ынтымақтастығын жолға қоюда табысты стартқа айналады деп санаймын. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты Батыс Африканың өзіндік қақпасы саналатын Сенегалға сапармен келуге шақырдым. Осылайша, біз қазақстандық бизнесмендерді Сенегалға және толықтай алғанда Африкаға инвестиция салуға шақырамыз.
- Сенегалда шетелдік іскерлік орта қызметі үшін қандай жағдайлар жасалған?
- Мен «Дамушы Сенегал» деп аталатын дамудың экономикалық жоспарын іске қостым. Ол біздің еліміздің 2035 жылға қарай дамушы елдердің қатарына қосылуына бағытталған. 20 жылға арналған бұл жоспарға тағы үш бағыт қосу қажет болып тұр. Ол біздің саясатымызды аз өндірістік өзгерістермен экономиканы құрылымдық өзгертуге шоғырландырылады.
Біріншіден, ұлттық өндірісті арттыру қажет. Ал бұл біздің ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған істеріміздің дәл өзі. Өндіріс пен ұлттық әл-ауқаттың артуына қол жеткізу үшін мал шаруашылығында, шикізат секторында ілеспе қосарланған инфрақұрылымдарды дамыту қажет.
«Дамушы Сенегал» жоспарының бағыты - бұл кеме капитаны басқаратын даму желкені. Осылайша, оның кез келген бөлігі, дайындық, білім, денсаулық сақтау салалары ниеттестік болған жағдайда олардың дамуы жолындағы ең әлсіздерге жәрдем беріп отыруы тиіс.
Үшінші бағыт, құқық үстемдігі болмай тұрып, инвестиция салу, даму мүмкін емес. Заң үстемдігі - бұл барлығы үшін сот әділдігі, дамудың барлық жоспарының тас-талқанын шығаратын лаңкестік бар кездегі қобалжулы әлемде айрықша маңызға ие қауіпсіздікті қоса алғандағы тиімді әрі сенімді институттардың бірі.
Міне, 2 жыл болды, бізде айтарлықтай нәтижелер де байқалып отыр. Үш жылда ішкі жалпы өнім өсімі 1,7 пайыздан өткен жылы 6,5 пайызға көтерілді. Айта кетерлігі, Сенегал - 6 пайыз экономикалық өсім көрсеткен африкалық үш мемлекеттің бірі. Іс жүзінде біз бүкіл Африка құрлығында 2-ші орында тұрмыз.
- 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінде Сенегалдың павильоны қандай болмақ?
- Қазақстанның ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу бастамасына қолдау білдіреміз. 2015 жылы мен Миланда өткен ЭКСПО көрмесінде сіздердің елдеріміздің көрме павильондарыңызда болған едім. Сол кезде-ақ ЭКСПО-2017 көрмесінің барынша табысты өтеріне көз жеткіздім. Президент Н.Назарбаев өз еліне тың қарқын мен жаңа көзқарас бергісі келді деп санаймын. Сенегал да бұл көрмеге қатысатын болады. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, Қазақстан басшылығына африкалық елдерге көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Өйткені, елдеріңіз Сенегалдың Африка павильонына қатысу жауапкершілігін өз мойнына алды. Бұл ниеттестіктің шынайы үлгісі. Біз осы қолдаудың арқасында және Алла тағаланың қалауымен осынау айтулы шараға қатысатын боламыз.
- Сенегал өңірлік саясатта барынша белсенділік танытуда. Сіздің еліңіз төрағалық жасайтын ЭКОВАС қоғамдастығы жайында айтып бермес пе екенсіз?
- ECOWAS (The Economic Community of West African States) - 15 мемлекеттен тұратын батысафрикалық елдердің экономикалық қоғамдастығы. Дәл осы мемлекеттер қоғамдастығы 300 миллионнан астам адам тұратын елдер үшін ортақ нарық құрайды, бірыңғай кедендік тарифі мен саясаты бар. Сондықтан да мәселен, Сенегалда орналасып, өнім шығаратын кәсіпорын өз тауарларын қоғамдастықтың барлық 300 млн. адамына да сата алады. Осылайша, ЭКОВАС - бұл аймақта тауарлардың еркін айналымы және инвестиция үшін мүмкіншілік. Бұған қоса, ЭКОВАС - одақтас бітімгершілік контингенті, бірлескен Парламенті, соты және инвестициялық банкі бар Африкадағы жалғыз бірлестік.
- Сенегал өз тарихында үш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Біз 2017-2018 жылдар кезеңіне кандидатпыз. Еліміз сайланып жатса, сенегалдық тәжірибені кәдеге жаратса бола ма?
- Ең алдымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі құрамына кіруде біздің кандидатурамызды бұған дейін қолдаған Қазақстанға алғысымды білдіргім келеді. әрине, егер Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі сынды мұндай жоғары саласына кіретін болса, онда Сенегал өзінің бұған дейін жинақтаған дипломатиялық тәжірибесімен бөлісетіндігі сөзсіз.
- Сарапшылардың пайымынша, Африка болашақтың құрлығы. Ал сіз болашақ Африка құрлығын қалай елестетесіз?
- Негізінен Африка болашақ ғана емес, бүгінгі күннің де құрлығы. Өйткені, бүгінгі күнсіз болашақ жоқ қой. Қазіргі уақытта Африкада 800 миллионнан астам халық бар, миллиардқа жақындап қалды. Дәл қазір іскерлік мүмкіншіліктер үшін ең оңтайлы уақыт болып тұр. Сондықтан да болашақта нық позицияда болу үшін бүгіннен бастап Африкада болу қажет. Қазір Африкаға инвестиция салу - бұл болашақтағы табыстың мүмкіншілігі деп санаймын. Сол себепті тағы да қазақстандық бизнесмендерді болашақта нық позицияға ие болу үшін Сенегалға, жалпы Африкаға келуге шақырамын.
- Таяуда Сенегал өкілі Фатма Самура ханым ФИФА Бас хатшысы болып тағайындалған еді...
- Африка ұлттарының футбол кубогын ұтып алмаса да Сенегал футбол елі саналады. Біз барлық деңгейдегі әлемдік дәрежеге ие талантты футболшылардың бірнеше буынын дайындадық. Соңғы буыннан Эль-Хаджи Диуф, Анри Камара, Калилу Фадиганы атауға болады. Біз спорттық елміз.
ФИФА Бас хатшысы ретінде сенегалдық әйелдің ұсынылуы біз үшін сәттілік болғандығы сөзсіз. Бұл зор жетістік. Себебі алғаш рет мұндай деңгейде әйел адам мойындалып отыр. Біз оған бұл лауазымды қызметке тағайындалуына орай зор үміт артамыз және оның миссиясы жемісті болуына тілектеспіз.
- Рио олимпиадасында сенегалдық спортшылардың мүмкіншілігі қаншалықты болмақ?
- Елестетудің өзі қиын. Дегенмен, біз футболдан және жеңіл атлетикадан медаль алып қалармыз деп ойлаймын. Біздің олимпиадаға қатысуымыз жемісті боларына үміт артамыз.
- Сіз жоғары деңгейдегі саясаткерсіз. Ал заманауи саясаткер қандай қасиетке ие болуы қажет?
- Қошеметіңізге үлкен рахмет. Саяси көшбасшы көп жұмыс істеуі керек және өз халқына қызмет ету үшін тиісінше дағдыға ие болуы тиіс. Ал ол үшін позитивті энергия керек. Бірақ, жалғыз жүріп барлық істі тындыру мүмкін емес. Ортақ мақсатты бөлісе алатын ынталы адамдардан құралған жақсы команда қажет. Тек солай ғана саяси көшбасшы өзінің саяси жобасын жүзеге асыра алады. Әрине, одан кейін күнделікті тұрмыстағы тәжірибе де болуы керек.
- Сұхбатыңызға рахмет!