18:36, 17 Сәуір 2013 | GMT +5
Серік Сәпиев «Жас Отан» жастар қанатында спорттық бағытқа басшылық жасайды
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, ендігі уақытта «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты орталық кеңесінің мүшесі Серік Сәпиев спорттық бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге басшылық жасайтын болады. Бұл туралы бүгін «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрлан Сыздықов орталық кеңес отырысында мәлім етті.
«Өздеріңіз білетіндей спорт бағыты, салауатты өмір салтын ұстану - бұл «Жас Отан» басшылыққа алатын маңызды бағыттардың бірі. Серік Сәпиев бізде спорттық бағытқа басшылық жасайтын болады», - деді Н.Сыздықов.
Өз кезегінде С.Сәпиев жастармен жұмысқа барлық олимпиада, әлем чемпиондарын тарту қажеттілігіне ерекше назар аудартты.
«Әлем, Олимпиада чемпиондарының жастармен жиі кездесіп тұрғандығы өте орынды. Спортшылар біздің жастарымызға жеңіске әрқайсымыздың да жете алатындығымызға көз жеткізуі тиіс. Жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын күшейту қажет», - деді Олимпиада чемпионы.