Ш.Өтегеновке Ресейдің жоғары наградасы - «Почет» ордені табысталды

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов Ресей Федерациясының мемлекеттік наградасы - «Құрмет» («Почет» - орыс.) орденімен марапатталды. Аталған жоғары награданы Ш.Өтегеновке бүгін Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковтың өзі салтанатты түрде табыс етті.
None
None

Ш.Өтегенов - кеңес үкіметі кезінде Ауған соғысына қатысқан сарбаздардың бірі. Әскери борышын абыроймен атқарып келген ол бүгінде сан алуан патриоттық шаралардың бастамашысы ретінде жастар тәрибиесіне өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, «Құрмет өз қаһарманын тапты» акциясы аясында Ш.Өтегенов Ауған соғысында із-түзсіз жоғалып кеткен жауынгерлерді анықтап, оларға лайықты құрмет көрсету жолында аянбай еңбек етуде. Осының нәтижесінде көптеген сарбаздардың аты-жөні анықталды. «Негізі, өз жерін қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы ғой. Сондықтан Ауған және басқа да соғыстарда жанын пида еткен жауынгерлерді ұмытпау қажет. Оларға лайықты құрмет көрсету керек деп ойлаймын. Шыны керек, II Дүниежүзілік және Ауған соғысы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастарды күшейтті. Себебі ол үшін біздің ата-бабаларымыздың қаны төгілді. Біз осыны ұмытпауымыз қажет. Ал бүгінгі жастар тәрбиесін ардагер ағаларымыздың ерлігі мен батылдығы үлгісінде жүргізген жөн», - дейді Ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы Ш.Өтегенов.

Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковтың айтуынша, Ш.Өтегеновтің өзі көптеген жастар үшін үлгі бола алады. «Шәріпбай Өтегеновтің «Почет» орденіне ие болуы - оның ұзақ жылдар бойы жүргізген тыңғылықты еңбегінің жемісі әрі жеңісі. Ол Ресей мен Қазақстан арасындағы достықтың нығаюына айтарлықтай үлес қосты. Оның өмірлік жолы бүгінде көптеген жастар үшін үлгі бола алады», - деп атап көрсетті елші.

Айта кетейік, Ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов - Қазақстан Республикасының II  дәрежелі «Айбын» орденінің иегері. Бұдан басқа, ол Ауғанстан, Беларусь, Молдова, Қырғызстан, Украина, Тәжікстан және Өзбекстанның бірқатар медальдары мен ордендеріне ие болды. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум