Шағын және орта бизнеске бөлінген несиенің 80 пайызға дейінгі көлемі мемлекет тарапынан кепілдендіріледі

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның кеңейтілген фракция отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Ел экономикасы дамуының негізі шағын және орта бизнеске қолдау көрсету екендігін баса айтқан Үкімет басшысы: «Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінде қолдау көрсетудің жаңа механизмі әзірленуде. Кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тетігі - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы болып отыр. Кәсіпкерлерге кредит ресурстарына қолжетімділікті мейлінше арттыру мақсатында аталған бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері үшін несиелерді кепілдендіру жүйесі жетілдірілетін болады»,-деді.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, шағын және орта бизнес субъектілеріне 10 млн. теңге көлеміне дейінгі банк несиесін беру қарастырылады. Бұл ретте несиенің 80 пайызға дейінгі көлемі Даму қоры арқылы кепілдендірілмек. Сонымен қатар және кәсіпкерлікті енді бастаған азаматтарға қолдау көрсетудің жаңа тетіктерін енгізу көзделуде.
«Қолдау ұлттық инновациялық және ғылым қорлары арқылы грант алған кәсіпкерлерге де көрсетіледі»,-деді К. Мәсімов.