20:45, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаражат жалпы несиелік қажеттіліктің тек 15 пайызын ғана құрайды ? Партияаралық кеңес
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары аясында қабылданған шағын және орта бизнесті несиелендіру бағдарламасы бойынша әр 250 кәсіпкердің тек біреуіне ғана мемлекеттік көмек көрсетілді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен Партияаралық кеңестің мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д.Кәлетаевтің атап көрсеткеніндей, шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау жаһандық қаржы дағдарысын еңсеру жағдайында экономиканы тұрақтандырудың басымдықты мақсатына ие. Бүгінде Қазақстанда бұл салада 620 белсенді субъекті тіркелген. Үстіміздегі жылғы ақпан айында оларды қолдауға 120 миллиард теңге бөлінді. «Алайда жекелеген аймақтарда, атап айтқанда Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарында қаржы өте баяу игерілуде. Қабылданған бағдарлама аясында әр 250 кәсіпкердің тек біреуіне ғана мемлекеттік көмек көрсетілгені есептеп анықталды», - деді ол.«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның басқарушы директоры Қайрат Әйтекеновтің айтуынша, бүгінде ШОБ-ты қолдауға бөлінген 120 миллиард теңге толығымен игерілді. 2 мың 425 кәсіпкерлік субъектісімен несиелеу және қайта қаржыландыру келісім-шарттары жасалды. Қаражаттың жалпы сомасының 70 пайызы қайта қаржыландыруға, ал қалған 30 пайызы жаңа бизнес-жобаларды несиелендіруге бағытталды. «Бөлінген қаражат республикадағы ШОБ-қа қажетті несие көлемінің тек 15 пайызын ғана құрайды. Осы орайда ШОБ-тың нақты саласын айқындай отырып, келесі траншты бөлу мәселесін ойластыру қажет», - деді ол. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма бастығы Болат Мұқышевтің сөзіне қарағанда, қазіргі күні шағын және орта бизнес мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды емес, бизнесті тиімді жүргізуге үйрететін тренингтер мен қажетті мәліметтерді ұсынатын бизнес-порталдарды қажет етеді. Осы мақсатта «Даму» қоры әр бір ай ішінде осы салада жұмыс істейтін 30 мың адамға тренингтер өткізуді жоспарлап отыр, ал өзінің дербес сайтында кәсіпкерлер үшін маңызды ақпараттарды енгізіп те қойды.