ШАХМАТ: Д. Сәдуақасовтың кубогына арналған республикалық турнирде қызылордалықтар үшінші орын алды

Биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған бәсекеге Астана қаласы мен еліміздің 11 облысынан 123 балғын шахматшылар қатысты.
Жарыс швейцар жүйесі бойынша 9 турда өткізілді. Турнир нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Қызылорда облысының командасы 34,5 ұпаймен үшінші орынды иеленді. Бірінші орында - Астана қаласы (38 ұпай), екінші орында - Қостанай облысы (37 ұпай). Жекелей сында 13 жасқа дейінгі қыздар арасында Самал Әбдуәли 9 ойыннан 8,5 ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал 9 жасқа дейінгі ұлдар арасында Сұлтан Аманжол 7 ұпаймен күміс жүлдені иеленді, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі. Айта кету керек, №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінде тәлім алатын спортшыларды жарысқа облыстың аға жаттықтырушысы Риза Қошқарова дайындады.