Шахтинскіде өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерлерді арбап-алдаған алаяқ ұсталды

Өткен жылдың соңында Шахтинск қаласында өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, алдап-арбау арқылы зейнеткерлерден қомақты сомада қаражат жымқырған алаяқ пайда болды.
Өткен жылдың желтоқсан айында жалған полиция қызметкерінің арбауына түскен зейнеркер полиция бөлімшесіне хабарласқан. Зейнеркердің айтуынша, оған белгісіз ер адам хабарласып, оның қызы есірткі сақтағаны үшін ұсталғанын мәлімдеген. Бұзақы өзінің «көмегі» үшін 100 мың теңге сұраған. Әйел ақшаны пакетке салып, терезеден лақтырып жіберген.
Осыған ұқсас оқиға жарты жыл бұрын Шахтинск қаласында орын алған. Алаяқтар зейнеткерге хабарласып, Израильде тұратын оның ұлын полиция қызметкері ұстап алғандығын, шығару үшін қомақты қаражат керек екендігін айтқан. Бұл жолы да 100 мың теңге «ауаға кетті».
Сол айда 3 зейнеткер 98 мың, 200 және 295 мың теңге сомасында қаражаттарынан қағылған.
Алаяқ өзін ұзақ уақыт бойы ұстатпағанымен, полиция қызметкерлері жуырда оның ізіне түскен. Жүргізілген жедел-іздестіру шарасының барысында Шахтинск қаласының 29 жасар тұрғыны қолға түсті. Ол бұған дейін тонау мен көлікті айдап кеткені үшін істі болған.
Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қосымша тексеру амалдары жүргізілуде.