Шахтинскіде полицейлер 1 келіге жуық героин тәркіледі

Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Шахтинскіде 27 ақпан күні, түскі сағат бір шамасында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 41 жастағы ер адамды ұстады, оның сырт киімінің қалтасынан 23,57 грамм героин анықталып, тәркіленді. Оның үйін тінту барысында бұл есірткінің тағы 840,62 грамы табылды», -делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.
Полициядан нақтылағандай, ұсталған азамат 2003 жылы қарақшылық үшін істі болды.
ІІД-нің берген мәліметіне сәйкес, өткен жылы Қарағанды облысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері 152 келіден астам есірткіні тәркіледі, оның 25 келісі - героин. Ал ағымдағы жылдың басынан бұл заттың 180 келісі тәркіленді, оның ішінде шамамен 10 келісі - героин.