Шанхайдағы «ЭКСПО-2010» көрмесінің қазақстандық павильонында Тимур Бекмамбетов продюссерлік тобының қатысуымен «Ғасырлар қойнауынан» фильмі көрсетілуде
Ұлттық экспозицияның ұраны: «Астана - Еуразия жүрегі».
Бүкіләлемдік «ЭКСПО-2010» көрмесіндегі қазақстандық павильонның бас комиссары Айдар Қазыбековтың айтуынша, қазақстандық павильонның ұраны - Астананы әлемдегі ең жас және қарқынды дамып келе жатқан елорда ретінде халықаралық деңгейде көрсету.
«Қазақстан Шанхайдағы бүкіләлемдік «ЭКСПО-2010» көрмесінде алғашқы рет өз павильонын салды, бұған дейін біз ғимараттарды жалға алып жүргенбіз», - деді А.Қазыбеков.
Павильоннға кіре бергенде келушілер көпфункционалды технологияның арқасында Қазақстанның ежелгі тарихынан бастап бүгінгі жетістігіне дейін, сондай-ақ Қазақстанның барлық қалалары туралы ең қызықты және тамаша ақпарат ала алады. Атап айтсақ, Қазақфильмнің ресейлік мамандармен бірлесе түсірген «Астана - Еуразия жүрегі», «Ғасырлар қойнауынан» және «Қазақстанның табиғаты» атты үш фильм көрсетіледі. «Ғасырлар қойнауынан» фильмін түсіруге Тимур Бекмамбетовтың продюссерлік тобы қатысқан.
Павильонға келушілер «суықты сезініп» және Қазақстанның қысқы көрінісінің фотоколлажы «Қыс» аймағын тамашалай алатын болмақ.
Павильонның негізгі бөлігі - биіктігі 18 метр, ел асатанасының бас символы болып табылатын «Бәйтерек» монументінің көшірмесі орналасқан «Астана алаңы» аймағы. «Астана алаңының» жанында Қазақ ұлттық филармониясының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп жатқан амфитеатр орналасқан. Көрме барысында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан келген алты шығармашылық ұжымның өнерлерін көрсету жоспарланған.
Ұйымдастырушылар қазақстандық павильонға келушілердің саны үш айға жуық уақытта 700 мың адам келген «Expo Zaragoza-2008» көрмесінің көрсеткіштерінен асып түсетініне үмітті. Шанхайдағы 180 күн ішіндегі көрмеде қазақстандық павильонды бес миллионға жуық адам көреді деп болжанып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Expo Shanghai-2010» қазақстандық павильонының дизайны мен тұжырымдамасы 2008 жылы қаңтардың 14-і күні Қазақстан Республикасы Үкіметінде таныстырылып, мақұлданған болатын.
Мамырдың 4-індегі жағдай бойынша, «ЭКСПО-2010» көрме аумағын 143 мың адам келіп көрген.
Шанхайдағы «ЭКСПО-2010» көрмесінің үйлестіру бюросы хабарлағандай, алғашқы үш күнде ЭКСПО-саябақты тек уақыты белгіленген билеттері бар туристер келіп көрген. Сауд Аравиясы, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Италия, Корея, Франция, Испания және Швецария мемлекеттері павильондарының қасында ғана туристердің кезегі орын алған.