Шанхайдағы EXPO музейі Қазақстанмен әріптестік орнатуға дайын

Ал Қазақстанда ашылған тың жаңалықтарды Шанхайдағы EXPO жетістіктері көрмесі арқылы насихаттауға дайын. Юй Чжэньюй 2010 жылы Шанхайда өткен EXPO-ның басты ғимаратын енді қандай мақсатта пайдаланатынын тәпіштеп түсіндіріп жатыр. Оның сөзінше, көрме өтеді де кетеді, ал қыруар қаржы салынған нысандарды мақсатты түрде тиімді пайдалану қажет. Осы ретте Астана көрмесінен кейін бас ғимаратты қаржы орталығына беруі өте ұтымды шешім дейді. 70 млн адам тамашалаған Шанхай көрмесінің басы-қасында жүрген білікті маман қазақстандық ұйымдастырушылармен әріптестік орнатуға әзір.
«Қазақстан әлі де біз үшін құпиясын аша қоймаған және көруге асығатын ел деп ойлаймын. Естуімше, Астанада өтетін ЕХРО-ға қытайлық туристер көбірек баруы мүмкін. Ең бастысы осы көрші мемлекеттерден келетін саяхаттаушыларға барынша жақсы таныстыру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл тұрғыда қазақстандық әріптестерімізге көмектесуге әрқашан әзірміз», - деп атап өтті Шанхай ЕХРО музейі директорының орынбасарыЮи Чжэньюй.
Сонымен Қытай Шанхай көрмесі өтерде уақытша және ұзақ мерзімге деп екі түрлі ғимарат тұрғызды. Тот басқан бұл темір павильондар таяуда сүріліп тасталмақ. Ал көрменің ашылу салтанаты өткен басты ғимаратты қазір қайта жөндеуден өткізіп жатыр. Мұнда EXPO музейіне арналған үлкен зал орналасады. Жұрт 2010 жылғы Шанхай көрмесіне саяхат жасап, тіпті Астанада паш етілетін тың жаңалықтармен танысып қалуы мүмкін.
«Ғимаратты осы жылдың аяғында қолданысқа береміз. Мұнда келушілер 2010 жылғы ЕХРО-ны қайта тамашалауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар 2017 жылғы Астанада өтетін ЕХРО көрмесінде жақсы қабылданған экспонаттарды да осы музейге қою жоспарымызда бар», - дейді Шанхай көрме құрылыс және даму жөніндегі серіктестік бастығының орынбасары У Цин.
Шанхай әкімшілігі бұдан бөлек EXPO-ның шағын ғимараттарын халық демалатын ойын-сауық, сауда орталығына айналдырып жіберген. Алайда ұзындығы бір шақырымға дейін созылып жатқан көшеде адам аяғы сирек. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кешқұрым туристер қаптайды екен.
«Қазір бұнда сауда орталығы, кинотеатр, дәмханалар орналасқан. Демалыс күндері жұрт осы жерге жиналады. Мұнда бәрі бар. Ал оң жағымдағы бұл ЕХРО ғимараты қазір мәдени орталыққа айналған», - дейді Шанхай қаласының тұрғыны Гунь Мэйже.
Естеріңізге салайық, Шанхай көрмесі 2010 жылы 184 күн бойы өтті. EXPO тақырыбы «Жақсы қала - жақсы өмір» деп аталды. Қазақстан бұл көрмеге «Астана - Еуразия жүрегі» деген тақырыпта қатысты. Шараға 198 мемлекет пен 27 халықаралық ұйым келген.