Шерзат Полаттың отбасына неге әлі жаңа үй берілмеді – әкім жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғардағы қоғамдық дүрліктірген оқиғаға қатысты пікір айтты. 

Шерзат Полаттың отбасына неге әлі жаңа үй берілмеді – әкім жауабы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

- Отбасына көңіл айтамыз. Жалпы бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары жұмысын атқарып жатыр. Іс Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың жеке бақылауында. Сол себептен айтқым келгені сабыр сақтап, құқық қорғау органдарының берген мәліметтеріне сенейік. Әр жұмыс бойынша БАҚ-қа жариялап жатыр, - деді Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі Шерзаттың отбасымен байланыста екенін айтып сендірді. 

- Мен Талғарға 12 қазанға дейін бардым. Сол жақта жиын өткіздік. Үй өртенген кезде бармадым. Өйткені, толық мәлімет маған жеткізіліп отырды. Ол жаққа біздің ішкі саясат басқармасы, ауыл әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттарымыз барды. Үйге келетін болсақ, біз көмегімізді ұсындық, тұрғын үй салуға көмектескісі келетін ізгі ниетті жандар табылды. Бірақ, отбасының өздері мақұлдауы керек. Сондай-ақ үй құрылысына байланысты жоспарлау құжаттарын келісуді де ұсындық. Оларға (Шерзаттың отбасына) уақытша тұру үшін баспана ұсынылды, бірақ отбасы ауылдағы ата-анасының үйінде тұруды жөн көрді, - деп түсіндірді М. Сұлтанғазиев. 

Еске сала кетейік, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен Шерзат Полат қайтыс болды.

Айта кетейік, кеше марқұм Шерзат Полаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 

9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. 

Соңғы жаңалықтар