18:32, 30 Сәуір 2009 | GMT +5
Шетпе кентінде Қазақстан халқы бірлігі күніне орайластырылған «Шұбат» мерекесі өтті
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде «Шұбат» мерекесі өтті.
Ауданның негізгі шаруашылығы боп табылатын түйе өсіру кәсібінің барлық қыр-сыры паш етілген салтанатты мереке Қазақстан халқы бірлігі күніне орайластырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Тарих тереңінен сыр шертетін сазды сөздермен жұртшылықтың алдынан түйелер керуені жүріп өтіп, жиналғандарға шұбат тегін таратылды. Түйе малының сүтінен жасалатын бұл сусын көбіне еліміздің батыс өңіріне тән. Оның емдік қасиеті де әуелден халық арасында кеңінен танымал. Бүгінгі мерекенің де мақсаты осы танымалдылықты одан әрі насихаттай түсу», - дейді ұйымдастырушылар. Оннан астам үй тігіліп, сүт тағамдары көрмесі ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламалармен өрілген жиында шұбат ішуден «Нар маяның шұбаты ? Нардай ердің қуаты» атты жарыс өтті. Бәсеке шарты бойынша тілек білдіріп шыққан он екі адам 5 литрден шұбат ішуі тиіс. Әйтсе де, бәйгеге тігілген 40 литр шұбатты жеңіп алған ешкім болған жоқ.