Шетпе кентінде жауапкершілікке тартылғандардың бесеуі абақтыдан босатылды - Маңғыстау облысы

Еске сала кетейік, 16 желтоқсандағы Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздік оқиғасы Шетпе кентінде де жалғасқан болатын. Қақтығыс нәтижесінде бірқатар адамдар жараланып, көз жұмғандар да болды. Жергілікті құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздікке қатысқан азаматтарды қамауға алып, тергеу амалдары жүргізілді.
Қазіргі таңда Шетпе кентіндегі қамауға алынған 15 адамның 5-еуі босатылды. Бұл туралы Маңғыстау ауданы прокуроры Мақсат Жақаев хабарлады.
«Маңғыстау ауданы бойынша тәртіпсіздік кезінде 15 адам қамауға алынып, 1 адам әлі іздеуде жүр. Қамалғандар ішінен 5 адам бостандыққа шықты, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүруде. Қазір он адам қамауда. Қандай қарудан оқ атылғаны тергелуде. Маңғыстау ауданының кей дәрігерлері жараланғандарды емдеу кезінде оқтарды білместікпен лақтырып тастаған. Жалпы тергеу амалдары жалғасуда», - дейді аудан прокуроры Мақсат Жақаев.
Осы жағдайға байланысты қоғамдық комиссияның ұйымдастыруымен Маңғыстау ауданында кеңейтілген мәжіліс өткізілді.
Жиында қоғамдық комиссияның төрағасы Өмірзақ Озғанбай кеңестің Маңғыстау облысындағы орын алған жағдайға байланысты атқарып жатқан істері туралы баяндама жасады.
Елбасы нұсқауымен құрылған Комиссия құрамында 21 адам бар.
«Қоғамдық комиссия тергеу тобының басшыларымен бірнеше рет кездесу өткізіп, тергеу амалдары туралы хабар алып, абақтылар мен мүрдеханаларды, ауруханаларды тексердік. Осы кезде комиссия біраз жағдайды анықтады. Қамалғандар ішінде бұрыннан науқастар бар екен, оларға дәрігерлік көмектер көрсетілді», - дейді қоғамдық комиссияның төрағасы Ө.Озғанбаев.