Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шығыс пен Абай облыстары біз анықтаған жемқорлық фактілерін қысқартып тастайды – Дидар Смағұлов

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Дидар Смағұлов қоғамдық ұйымдардың жемқорлықпен күресуіне кедергі келтіретін «тәсілді» атады, деп хабарлайды Kazinform.  

Дидар Смағұлов
Фото: ortcom.kz

«Қазіргі таңда бізде бір қиын тәжірибе бар – ақша 80 пайыз игеріледі, бірақ обьект аяғына дейін салынбайды. Біз құрылысқа тапсырыс берген мемлекеттік мекемеге мердігердің үстінен сотқа беру керек деп хат жазамыз. Ал сот медиация арқылы істерді қысқартып тастайды. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында осындай фактілер ең көп кездеседі. Миллиард теңге игерілген, бірақ ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған фактілер бар. Оның себебі – жемқорлық. Сот осындай шешім шығарғанда біз таңғаламыз. Мысалы кейбір облыстарда құрылыс кестесін 5 минутқа кешіксең, жосықсыз мердігер тізіміне кіргізеді. Ал Шығыс Қазақстан облысында екі жыл бойы ішкі аудит мекемелерінің есептері шықты, бірақ ешкім жауапкершілік арқалаған жоқ. Сондықтан біз мұны жемқорлық деңгейімен байланыстырамыз», - деді ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған форумда.

Сондай-ақ, халық тарапынан жемқорлықтың қандай түрі бойынша шағым көп түсетінін айтты.

«Бізге қазіргі таңда әр түрлі салалардан өтініштер түседі. Жалпы кейінгі екі жылда бізге халықтан 8 мыңға жуық өтініш түсті. Оның ішінде 30 пайызы білім саласынан келді. Мұғалімдер әсіресе жалған құжатпен тіркеліп босқа айлық алатын «өлі жандар» туралы деректерді көп жолдайды. Қазір осындай мәселелер бойынша мұғалімдердің біздің бірлестікке тікелей хабарласуына мүмкіндік бар. Сол мұғалімдердің ақпаратын өз деңгейімізде тексеріп, антикорды қосамыз. Мысалы, биыл Талдықорғанда 2 млрд теңгемен ұсталған есепшілердің фактісі осындай өтініш кезінде анықталды. Басқа облыстарда өз картасына 300 млн, 400 млн, 500 млн теңге аударып алған есепшілер әшкере болды. Бұл ақпараттың бәрі азаматтық белсенділігі жоғары ұстаздардан келіп түсті», - деді Дидар Смағұлов.

Қоғамдық бірлестік жетекшісі құрылыс саласына байланысты да шағым көп екенін айтады.

«Жергілікті халық, мысалы, ауыл тұрғындары құжат бойынша ғана «жұмыс істеп тұрған» су құбырлары мен сорғы стансаларының мәліметін жіберіп жатады. Құбыр мен құдық қағазда болған, ауылда болмаған. Осындай фактілер бойынша Абай, Шығыс Қазақстан облысында да көп анықтадық. Қазіргі таңда осы фактілер бойынша әр түрлі тексерулер өтіп жатыр. Біздің негізгі екі мақсатымыздың бірі – сол обьектілерді аяғына дейін жеткізу. Екіншісі – заңсыздықтарға жол берген тұлғаларды жауапқа тарту.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің ақпараты бойынша, осы күнге дейін 68 қылмыстық іс қозғалып, 1000-нан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Оның бәрі қоғамдық бақылаудың аясында жасалған іс-әрекет. Яғни, біз қоғамдық ұйым ретінде тиісті мекемелерге жүгінеміз, хат жазамыз, әлеуметтік желіде ақпарат жариялаймыз. Соны қараудың қорытындысында осындай фактілер тіркелген», - дейді сарапшы.