ШҚО әкімінің Абыралы ауданының орталығы - Қайнар ауылына жұмыс сапары тұрғындардың бірқатар мәселелерін шешуге көмектесті

Солардың ішіндегі бастылары - ауыз сумен қамтамасыз ету, медицина мамандарының жетіспеушілігі, телефон стансысының жарамсыздығы. Елді мекеннің өртке қарсы өз қызметі жоқ. Қайнарлықтардың жанын қатты ауыртатыны - әкімшілік орталық Семей қаласына дейінгі жолдың ахуалы және ауылға экологиялық апатты аймақ мәртебесін беру мәселесі. Бұл мәселені тұрғындар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуде тағы да көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Семей ядролық полигонының ядролық сынақ орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылында облыс басшылары соңғы рет осыдан 10 жыл бұрын болған екен. Енді міне, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келіп отыр.
Жұртшылықпен жүздесуден кейін облыс әкімі тиісті құрылым басшыларын жинады және ауыл тұрғындары көтерген мәселелерге баса назар аударуды талап етті. Отырыс қорытындысы бойынша, алдағы бір ай мерзім ішінде Қайнарда осы жерге тұрақты бекітілген арнайы машиналары бар өртке қарсы қызмет ашылады, ал 2010 жылы жергілікті телефон стансысы сандық жүйеде жұмыс істеу үдерісіне көшіріледі.
Абыралы ауданына сапары барысында аймақ әкімі Бегалин атындағы орта мектепте және аудандық медициналық бірлестікте болды. Сөз арасында айтар болсақ, Жол картасы шалғайда жатқан бұл өңірге де жетіпті. Медициналық бірлестіктің дәрігерлік емханаларында таяуда жөндеу жұмыстары басталады. Осы мақсат үшін 10 млн. теңге бөлінген.