ШҚО-да алдағы төрт жылда апатты жағдайдағы 42 көпқабатты үй сүрілмек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы үйлерде тұратын халықты көшіру бойынша өңірлік Жол картасы бекітілді.

ШҚО Құрылыс басқармасының мәліметінше, 2025 жылы бой көтерген үйлерге 61 адам қоныстанады. Алдағы төрт жыл ішінде апатты жағдайдағы 42 көпқабатты үй сүріліп, 218 адам жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі.
Бағдарламаның бірінші кезеңінде 7 үйдің тұрғындары жаңа пәтерге көшіріледі. Нақты айтқанда:
Өскеменде - 5 апатты үйден 29 тұрғын
Риддерде - 1 үйден 7 адам
Белоусовка кентінде - 1 үйден 25 тұрғын
– Белоусовкадағы апатты жағдайдағы үй халқын көшіруге жергілікті атқарушы органның резервінен 257,2 млн теңге бөлінді. Осы жылдың маусым айының соңына дейін бұл қаражатқа қажетті 25 пәтердің 24-і сатып алынды, – деп хабарлады басқармадан.
Жоба қалай қаржыландырылады?
Бағдарламаны қаржыландыру заңға сәйкес жергілікті бюджет, жеке және өзге де инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Жаңа қаржы көзі ретінде бұған дейін жалға берілген, бірақ сатып алу құқығы болмаған тұрғын үйлердің жекешелендірілуінен түсетін қаражат та қарастырылған. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2017-2022 жылдары салынған жалдамалы үйлерді қалдық құны бойынша сатып алуға рұқсат ететін заңнамалық өзгерістерді енгізді. Бұл қаржы реновациялық жобаларға бағытталатын болады.
– Тұрғын үйді жаңғырту тұрақты қаржыландыруды қажет етеді. Бұрынғы жалдамалы үйлерді жекешелендіруден түсетін қаражат – апатты үйлерден көшуді жеделдететін нақты тетік. Мысалы, Өскеменде осы көзден түскен қаражат көлемі 2023 жылы – 177,9 млн теңгені, 2024 жылы – 112,7 млн теңгені, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 85,4 млн теңгені құрады, – деді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Руфат Акрамов.
Жоспардың орындалу уақыты белгісіз
Алайда қала әкімдігінің хабарлауынша, бөлінген қаржы көлемі бағдарламаны толық жүзеге асыруға жеткіліксіз. Қосымша қаржыландыру да қарастырылмаған.
– Республикалық бюджет шығыстары қысқартылғандықтан, Өскеменде апатты үйлер тұрғындарына пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлу туралы өтінім қолдау таппады, – деп мәлім етті Құрылыс басқармасынан.
Жалпы есеп бойынша, 2025 жылы бағдарлама аясында пәтерлерді сатып алуға 558,5 млн теңге қажет. Оның ішінде Өскеменге – 488,5 млн теңге, Риддерге – 70 млн теңге.
Қорыта айтқанда, реновация бағдарламасының алғашқы кезеңі толық жүзеге аса ма, жоқ па, әзірге дөп басып айту қиын.
Еске салсақ, осыған дейін 2025 жылғы алғашқы алты айда құрылыс саласындағы өсім 18,4%-ға жеткені хабарланған.