19:06, 20 Маусым 2023 | GMT +5
ШҚО-да арнайы жабдықталмаған жағалауда шомылған ер адам суға батып кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында арнайы жабдықталмаған жағалауда суға шомылған ер адам батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 20 маусымда Глубокое ауданы Белоусовка ауылында болған.
40 жастағы азамат Глубочанка көліндегі арнайы жабдықталмаған учаскеде шомылып жүрген.
Ер адам жағалауға достарымен бірге келген.
Жақын жерде тыйым салынған белгі тұрса да елемей, суға түсті. Соның салдарынан ол батып кеткен.
ТЖД-ның жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері оқиға орнына келіп жетіп, оның денесін судан алып шықты.
«Тыйым салынған белгі - бұл адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтауы үшін қойылған ескерту. Осындай белгі тұрған учаскелерде мүлде шомылуға болмайды. Себебі онда қатты ағын, терең иірім және жақын маңда құтқарушылар бекеті жоқ», - дейді департамент бастығының орынбасары Арман Тоқанов.