ШҚО-да екі күн ішінде жол ережесін бұзған 3,5 мыңнан астам адам анықталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір жолдарында жол қозғалысы ережесін бұзудың 3 533 фактісін анықтады. Оның ішінде қоғамдық көліктің 40 жүргізушісі ережені сақтамаған.
Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 32 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ қарсы жолаққа шыққаны үшін 21 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жылдамдықты асырғаны үшін - 208, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін - 500, көлік тізгіндеген кезде телефон пайдаланғаны үшін - 342 адамға айыппұл салынды. Көлік басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған болса да рульге отырған 45 адам тіркелді.
«21 сәуірде сағат 21.00 шамасында Үржар ауылы көшелерінің бірінде «ВАЗ 2199» маркалы автокөлік тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің тиісті құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар тіркеу-мемлекеттік нөмірді тексерген кезде көліктегі нөмір жалған болып шықты»,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Аталған көлік жігіттің немере ағасына тиесілі екендігі мәлім болды. Ол бауырының көңілін қимай көлік жүргізуге рұқсат берген. Көлік иесі және кәмелеттік жасқа толмаған баланың ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 3-бөлігі, 590-бабы 3-бөлігі және 612-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көлік арнайы тұраққа қойылды.