ШҚО-да ер адам түрмеге алкогольді ішімдікті газдалған сусын түрінде кіргізбек болған
ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, түрмедегі досымен қысқамерзімді кездесуге келген ер адам газдалған сусын бөтелкесіне алкогольді ішімдікті құйып, ішке кіргізбек болған. Алайда бұл ойын іске асыра алмады. Мекеме қызметкерлері жеке заттарын тексеру кезінде жоғары градустық сусынды тапты.
«№22 түзету мекемесінің қызметкерлері азамат өзімен бірге алып келген пакетті мұқият тексерген. Сөмкеде қоңыр түсті төрт пластикалық бөтелке және тәттілер болған. Ер адам тәртіп сақшыларын алдамақ болып, ішімдікті газдалған минералды су деп қабылдайды деп сенген. Алайда бөтелкеден алкогольдің иісі шығып, аталған заттар тәркіленді», - делінген ақпаратта.⠀⠀
Сондай-ақ жеке гигиена заттарының арасына жұбайының телефонын салып, түрмеге апармақ болған әйел анықталды.
«33 жастағы тұрғын омыраудағы баласы және анасымен бірге №17 түзету мекемесінде отырған күйеуімен кездесуге келді. Тексеру барысында жол сөмкесінің ішкі қалтасынан жеке гигиена құралдары бар заттардың ішінен SIM карта салынған смартфон табылды. Әйелдің айтуынша, ол заттардың арасында телефон бар екенін ұмытып кеткен. Аталған фактіге сәйкес тыйым салынған заттарды режимдік аумаққа кіргізу әрекеті бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Екі заңбұзушылыққа қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», - делінген хабарламада.